Алатау қаласындағы 6654-әскери бөлімінде 31 жыл бұрын Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыста қаза болған қазақстандық жауынгерлерді еске алуға арналған жиын өтті. Іс-шараға Алатау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Бибігүл Шәйкенова, Тәжік-Ауған шекарасында әскери қақтығыстардағы ұрыс қимылдарына қатысушы ардагерлер одағы облыстық филиалының мүшелері, аталған әскери бөлімнің жеке құрамы мен ардагерлері, Өтеген батыр кентіндегі №38 мектеп-гимназиясының «Жас сақшы» және Түрген ауылы М.Ломоносов атындағы орта мектептің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныптарының шәкірттері қатысты.
Еліміздің мемлекеттік Гимні шырқалған соң жиналған қауым Тәжік-Ауған шекарасында интернационалдық борышын атқару кезінде қаза тапқан қазақстандық 17 жауынгерге қойылған ескерткішке гүл себеттерін қойып, боздақтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Жиында алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Кайрат Үмбетовке берілді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің қаулысына сәйкес 1993-1999 жылдар аралығында бұрынғы Ішкі әскердің, бүгінгі Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы әскери бөлімдерінің 2000-нан астам офицері мен сарбазы тәуелсіз мемлекеттер достастығының бірлескен батальоны құрамында Тәжік-Ауған шекарасында бітімгершілік міндеттерін орындаған. 1995 әскери қақтығыстың бірінде батылдықтың биік үлгісін көрсеткен 17 сарбаз қаза болып, 33-і жарақат алды. Оларды ұмытпау және ерліктерін ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз. Сондықтан 6654 әскери бөлімінде осындай еске алу шарасын өткізіп жатырмыз. Сол ұрыста мерт болған қазақстандық батальонның әрбір сарбазының ерлігі – еліміздің тарихында алтын әріппен жазылған маңызды бет, – деген Кайрат Жарылқасынұлы осы рәсімге арнайы келген ардагерлерге алғыс айтты.
Келесі кезекте Тәжік-Ауған шекара шебінде интернационалдық міндетін атқарған запастағы сержант Мұрат Канайұлы сөз алып, 1995 жылы 7 сәуірде Тәжікстан аумағындағы Пшихавр шатқалында өз ротасына тұтқиылдан шабуыл жасалғанын, сол ұрыста ақтық демі қалғанша жанқиярлықпен шайқасып, жан тапсырған 17 қаруласының әскери антына адал болғаны өскелең ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Кейіннен бірнеше қанды көйлек жолдасының сол шайқастан алған жарақаты салдарынан қайтыс болғанын айтқан ардагер дәл сол күні болмаса да, осындай қақтығыстың боларын сезіп, соған іштей дайындалып жүргендіктен, бұл қанды оқиғаның өздері үшін психологиялық тұрғыдан қиындық тудырмағанын тілге тиек етті. Одан кейін сөз алған ҚР Ұлттық ұланның запастағы генерал-майоры Сағатбек Нұрахметов пен қатардағы жауынгер Сәбит ҚаҺарман 1995 жылы 7 сәуірде жауынгерлік әрі азаматтық борышын соңына дейін адал орындаған қазақ халқының 17 даңқты ұлының ерліктің үлгісін көрсетіп, өз Отанының даңқын арттырғанын, олардың есімі ұрпақ жадында мәңгі қалатынын айтты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Алатау қаласы





