Балқаш ауданында көктемгі дала жұмысы қарқынды жүруде. Биыл аудан диқандары 28 825 гектар суармалы егіс алқабына егін егуді жоспарлап отыр. Оның 5800 гектарына күріш, 4870 гектарына бидай, 870 гектарға арпа, 16057 гектар жерге жоңышқа егілсе, қалған суармалы жерге көкөніс дақылдары себіледі.
Арпа-бидай себу жұмысын қолға алған диқандар қауымы бүгінгі таңда 1352 гектар жерге егін егіп үлгерген. Жұмысты қарқынды атқарып жатқан диқандар жауапты науқанды дер кезінде аяқтауды мақсат тұтып, таң ағарып атқаннан, кеш қарайып батқанша тынымсыз еңбек етуде.
Дала төсін дүбірге бөлеген аудан диқандарының жұмыс қарқынын көзбен көру мақсатында «Бауыржан – 7» ЖШС-ның егіс алқабына аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановпен бірге барып қайттық.
Шаруашылық егін егу жұмысына кірісіп кеткен. Олар шаруашылыққа тиесілі егіс алқабының 185 гектарына бидай егуді жоспарласа, оның 60 гектарына дәнді дақылды сіңіріп үлгерген. Бидай егу аяқталысымен, 165 гектар жерге күріш себілмек. Ал 382 гектар жерде көпжылдық жоңышқа шөбі өсіріледі екен.
Егін егудің қыр-сырын жетік меңгерген шаруашылық басшысы Талғат Сұлтановты егіс басында жолықтырдық. Оның айтуынша, көктемгі дала жұмысын жүйелі атқару үшін үш «МТЗ-80», бір «КА-700» тракторлары тіркемесімен және бір тұқым сепкіш, бір тырма, бір жер тегістегіш, бір соқа, бір топырақ таптағыш құралдарын пайдаланса, 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен.
Механизаторлар Айбар Сабырбай мен Мәди Дүйсенбеков бидай егу жұмысын атқарып жатса, дәнекерлеуші Айболат Қуанышбекұлы техникаларға жөндеу жүргізуде.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы



