«Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өзіне ғана тән табиғат ескерткішімен, Шарын шатқалымен, дүниежүзінде сирек кездесетін, ҚР Қызыл кітабына енген Соғды шағаны ағашымен әйгілі. Парк аумағы тек әдемі пейзажға ғана толы емес, бұл мекенде сүтқоректінің 34, құстың 246, өсімдіктің 915 түрі бар. Сүтқоректінің 4 түрі ҚР Қызыл кітабына енген, олар: қарақұйрық, сабаншы, Түркістан сілеусіні және Орта Азия құндызы.
Шаған тоғайын екіге бөліп, сол жердегі жануарлар мен құстарды тіршілік нәрімен сусындататын Шарын өзені ағып жатыр. Өзен жағалауы – сан түрлі жануар мен өсімдікке мекен. Солардың ішінде табиғаттың нағыз «инженері» атанған ерекше жануар бар. Ол – Орта Азия құндызы (Lutra lutra seistanica).
Құндыз – су маңын мекендейтін, түнгі тіршілікке бейім, аса сақ кеміргіш. Оны күндіз көзбен көру қиын. Алайда өзен жағалауындағы кемірілген ағаштар мен су үстіндегі шағын бөгеттер оның осы аумақта тіршілік ететінін аңғартады. Соңғы жылдары парк мамандары жүргізген бақылау жұмыстары құндыздың іздерін бірнеше рет тіркеп отыр.
Құндыз жай ғана жануар емес, ол – экожүйені қалыптастырушы тіршілік иесі. Салатын бөгеттері арқылы су ағысын баяулатып, шағын тоғандардың пайда болуына ықпал етеді. Мұндай су айдындары көптеген жәндікке, қосмекендіге, балыққа және су құстарына қолайлы орта қалыптастырады. Сонымен қатар құндыз кемірген ағаштардың орнына жас өскін өсіп, тоғай табиғи жолмен жаңарады. Бұл биоалуантүрліліктің артуына әсер етеді. Мамандардың айтуынша, құндыздың болуы – табиғи ортаның таза әрі тұрақты екенін білдіреді. Егер су айдынында құндыз тіршілік етсе, онда экожүйе өзін-өзі реттеу қабілетін сақтап отыр деген сөз. Бүгінде «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі шаған тоғайында жүргізіліп жатқан ғылыми мониторинг жұмыстары сирек кездесетін жануарларды анықтап, қорғауға бағытталған. Құндыз – сол табиғатты қорғау ісінің жарқын мысалы.
Табиғат – ортақ байлығымыз. Ал құндыз сияқты жануарлар – сол байлықтың сақшысы. Оларды қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.
Гүлзат Орынбаева,
«Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің
кіші ғылыми қызметкері
Ұйғыр ауданы




