Алматы облысында Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Әбдібекұлы Байтасовтың туғанына 55 жыл толуына орай тағылымды іс-шара өтті. Батырдың есімін ұлықтауға арналған жиынға Алматы облысы Полиция департаменті мен ҚР Ұлттық ұланының №6654 әскери бөлімі қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ Қ. Қайсенов атындағы №4 орта мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – ел тыныштығы жолында ерлікпен қаза тапқан батырдың жарқын бейнесін жас ұрпаққа үлгі ету, олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру. Жиын барысында «Капитан Байтасов» деректі фильмі көрсетіліп, «Капитан тағдыры» кітабы негізінде оқушылар арасында блиц-сауалнама ұйымдастырылды. Бұл оқушылардың батыр өмірі мен ерлігіне деген қызығушылығын арттыра түсті.
Сонымен қатар, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін мектеп ұжымына ішкі істер органдары ардагерлері атынан Алғыс хаттар табысталды. Кездесу барысында батырдың тұлғалық қасиеттері, оның ерлікке толы өмір жолы, сондай-ақ отбасы мен ұстаздарының тәлім-тәрбиесі кеңінен сөз болды.
Жиын соңында қатысушылар батыр рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялады. «Жас сақшы» сыныбының оқушылары мен ардагерлер Еске алу тақтасына гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.
Осындай тағылымды шаралар – елін сүйген ерлердің ерлігін ұлықтап қана қоймай, жас ұрпақтың бойына патриоттық рух дарытудың маңызды тетігі екені сөзсіз.




