Менің атам Шүкірбай Өсербаев 1921 жылы қазіргі Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алшынбай ауылында дүниеге келген. Атамның өмір жолы – туған жерге адал қызмет етудің, елге деген сүйіспеншіліктің өшпес өнегесі деуге болады.
Жастық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ел басына күн туған шақта ол Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу үшін майданға аттанды. Екінші дүниежүзілік соғыстың қиян-кескі шайқастарына қатысып, жауға қарсы күресте қайсарлық пен батылдық танытты. Әсіресе, тарихта мәңгілікке қалған Ленинград қоршауы кезінде жауынгерлер қатарында болып, аштық пен суыққа, үздіксіз атқылауға төтеп берді. Қанша қиындық көрсе де, рухы сынбай, ел алдындағы міндетін адал орындады.
Ол кісінің майдан жолы Германия жеріндегі Одер өзені маңындағы шайқастармен аяқталды. Бұл соғыстың шешуші кезеңдерінің бірі еді. Сол ауыр ұрыстардың бірінде атамның иығына оқ жарықшағы тиіп, жарақат алған. Алайда жарақатына қарамастан, ол жауынгерлік рухын жоғалтпай, соңына дейін шайқасты жалғастырған. Бұл оның батылдығы мен Отанға деген адалдығын айқын көрсетеді.
Атамның ерлігі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. «Отан соғысы» және «Қызыл Жұлдыз» ордені, Жеңістің 65 жылдығына арналған мерейтойлық медаль және өзге де марапаттар – ерлікке толы өмірінің үнсіз куәсі, ел алдындағы еңбегінің белгісі.
Соғыс аяқталғаннан кейін атам зоотехник мамандығын меңгеріп, ауыл шаруашылығы саласында абыройлы қызмет атқарды. Ұжымшардағы зооферма жұмысында адал еңбегімен танылып, ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосты. Еңбекқорлығы мен жауапкершілігі арқылы ел құрметіне бөленді.
Атам тек майдангер ғана емес, бір әулеттің тірегі, ұрпағына өнеге болған ардақты жан еді. Ол өмірінде 16 баласын тәрбиелеп өсіріп, 80-ге жуық немере, 15 шөбере сүйіп, үлкен әулеттің алып бәйтерегіне айналды.
2015 жылдың маусым айында 94 жасында дүниеден өткен атамның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Оның өмірі – ерлік пен еңбек қатар өрілген тағылымды ғұмыр.
Осындай аталарымыздың арқасында біз бүгін Тәуелсіз ел болып еңсе көтеріп, бейбіт аспан астында өмір сүріп отырмыз. Олар қан майданда елді қорғап қана қоймай, соғыстан кейінгі қиын кезеңде тынымсыз еңбек етіп, халықтың еңсесін көтерді. Мен атамның өнегелі өмірін үлгі тұтып, оның ерлігі мен еңбекқорлығынан шабыт аламын. Ғибратты ғұмыры мені жігерлендіріп, шығармашылық жолды таңдауыма да себеп болды. Өйткені атамның өмірі – ұрпаққа аманат болып қалған өмір оқулығы тәрізді. Оның әр парағына үңілген жанның зердесіне шуақ төгіледі.
Арайлым Санғалиқызы,
Жайна Дулатқызы,
Аймырза Абайұлы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті филология факультетінің
1-курс студенттері




