Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің халықпен кездесулері жалғасуда. Бұған дейін Первомай, Әйтей және Жамбыл ауылдық округтерінде өтсе, осы жолы Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындары алдында есеп берді. Кездесу Көлащы ауылындағы Ж.Бәрібаев атындағы орта мектептің акт залында ұйымдастырылды.
Кездесуді ашқан Жасұлан Тоққожаұлы бұл округтің халқы тығыз орналасқанын, мұнда 48 мыңнан астам адам тұратынын атап өтті. Бұдан соң өткен жылдағы ауданның жетістіктері турасында баяндады.
Өнеркәсіп саласына тоқталар болсақ, ауданның облыс бойынша үлесі 25 пайызды құрайды. Инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мысалы, жуырда Алматы қаласынан «Буратино» сауда белгісімен алкогольсіз сусындар өндіретін кәсіпорын Жібек жолы ауылына көшіріледі. Бұл бірқатар артықшылықтар беретіні рас.
Жалпы аудан бойынша 41 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, оның ішінде 6 мыңнан астамы Жібек жолы ауылында орналасқан. Оларға ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында үлкен қолдау көрсетілуде. Жібек жолы ауылдық округі бойынша 20 жобаны жүзеге асыру үшін 165,4 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар техника сатып алу, ағаш өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, кондитерлік өнімдер пісіру сияқты бағыттар да бар. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны біртіндеп азайып келеді. Бұл көптеген отбасының жағдайы жақсарғанын көрсетеді.
Жасұлан Тоққожаұлы баяндамасында білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларына да тоқталды. Қазіргі таңда ауданда 80 жалпы білім беретін мектеп бар, оның ішінде 62-сі мемлекеттік. Жібек жолы округінде 6 білім ошағы жұмыс істейді. Дегенмен, Жібек жолы және Көлащы ауылдарында жаңа мектептер салу қажеттілігі туындап отыр.
Өткен жылы аудан бойынша Ұмтыл ауылдық округіндегі Алмалыбақ ауылында және Іргелі ауылдық округіндегі «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде мектеп салынды. Сонымен қатар Райымбек ауылдық округінің Бұлақты ауылында 900 орынды мектеп ашуға дайындық жүргізілуде.
Денсаулық сақтау саласына келсек, ауданның 36 елдімекенінде медициналық мекемелер жұмыс істейді. Бірқатар ауылда отбасылық денсаулық орталықтары ашылды. Биыл Райымбек ауылдық округінің Абай ауылында және Әйтей ауылдық округінің Үштөбе ауылында 50 келушіге арналған заманауи дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Сондай-ақ Елтай ауылдық округінің Қаратөбе ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт ашылмақ.
Кездесуде сөз алған Тұрар ауылының тұрғыны Сәуле Тоқбаева бұған дейін көтерілген таза ауызсумен қамту, ескі ағаштарды кесу, көшелерге асфальт төсеу, шырша отырғызу сияқты мәселелердің шешілгенін атап өтіп, атқарылған жұмыстар үшін аудан басшысына алғысын білдірді. Бұдан бөлек, жол бойында заңсыз салынып жатқан кафелер, қаңғыбас иттерді аулау, сондай-ақ кейбір көшелерге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін беру жайына назар аударылса деген ұсынысын жеткізді.
Жібек жолы ауылының тұрғыны Әлфия Қуанышбаева жел мен жаңбыр кезінде жарық сөніп қалатынын алға тартып, электр энергиясының сапасына қатысты алаңдаушылығын айтты. Бұл мәселеге орай Қарасай аудандық электр желілері өкілі түсініктеме беріп, «АЖК» АҚ тарапынан аудан бойынша, оның ішінде Жібек жолы ауылында трансформаторлық қосалқы стансалар орнатуға қаражат қарастырылғанынан хабардар етті. Жұмыс биыл басталады.
Ауыл тұрғыны Ләйлә Ғалымжан көшелерді жарықтандыру мәселесін көтерді. Кездесу барысында жалпы округ бойынша көшелердің тек 30 пайызы ғана жарықтандырылғаны белгілі болды. Осыған орай округ әкімі Дидар Нұрақыновқа бұл мәселені зерделеп, бірінші кезекте жарық қажет көшелерді анықтау тапсырылды.
Көлащы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Айнұр Сүлімова ауылдағы жалғыз базардың жағдайы нашар екенін алға тартты. Жол жиегіндегі сауда көлік кептелісін тудырып, базарда антисанитариялық жағдай орын алғанын жеткізді. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, нақты шаралар қабылданатын болды. Сондай-ақ ол «мектеп маңындағы алты сотық жерге балалар алаңын салынса» деген өтініш айтты. Әкім бұл бағытта қаражат бөлуге дайын екенін, бастысы жер телімі қарастырылуы керектігін жеткізді.
Тағы бір ұсыныс №11 қоғамдық көлігіне қатысты болды. Бұл бағыт бойынша үлкен автобустар жүргізу қажеттігі айтылды, өйткені қазіргі таңда Қаскелеңге студенттер көп қатынайды.
Есепті жиында жаңадан тағайындалған аудан прокуроры Данагүл Аңсаған сөз сөйлеп, мемлекеттік органдардың тиімді жұмысы үшін халықтың қолдауы маңызды екенін жеткізді. Ол жастар тәрбиесіне, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға, «Заң және тәртіп» қағидатын сақтауға және интернет алаяқтарынан сақ болуға шақырды.
Кездесу соңында Жібек жолы ауылының ақсақалы Абай Жұманиязов аудан әкімі жұмысын жоғары бағалап, көпшілікке ақ батасын берді. Жиыннан кейін аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы




