Қонаев қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті көгалдандыру шарасы өтті. Бұл жолы №12 шағынаудан аумағында 700 түп жасыл желек отырғызылды.
Ауқымды акцияға белсенді тұрғындар, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер мен жастар қатысып, қала экологиясын жақсартуға өз үлестерін қосты.
«Бұл игі бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен кеңінен жүзеге асырылып, қоғамның барлық саласын біріктіріп отыр. Соңғы жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижесі айқын: тұрғындар мен ұйымдар табиғатты қорғауға белсенді қатысып келеді. Біз бұл дәстүрді жалғастырып, көгалдандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асырудамыз. Бұған дейін 3000 түп ағаш отырғызылса, бүгін тағы 700 түп ағаш егілді», – деді қала әкімі Асхат Бердіханов.
Ағаш отырғызу шарасына 500-ден астам адам қатысып, қала аумағын жасылдандыруға өз үлестерін қосты. Айта кету керек, бүгінгі акция Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаевтың бастамасымен ұйымдастырылды.




