Қонаев қаласында жасыл желектерді қорғауға бағытталған биологиялық өңдеудің бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Аталған жұмыстар қала экологиясын жақсарту және ағаштардың өміршеңдігін арттыру мақсатында жүргізілді. Жалпы биоөңдеу екі кезең бойынша жүзеге асырылады.
ТҮКШ бөлімінің басшысы Мадияр Зәкеровтың айтуынша, биологиялық өңдеу ағаштарды зиянкестерден қорғап, көзге көрінбейтін паразиттердің таралуының алдын алады. Сондай-ақ бұл шара өсімдіктердің табиғи қорғаныс қабілетін күшейтіп, олардың дұрыс өсіп-жетілуіне оң әсер етеді.
Өңдеу барысында адамдарға және қоршаған ортаға қауіпсіз биологиялық препараттар қолданылды. Олар құстар мен үй жануарларына зиян келтірмейді.
Жұмыстар түнгі уақытта, яғни 23:00-ден 05:00-ге дейін жүргізілді.
Биоөңдеу қаланың барлық аумағын қамтыды. Оның ішінде саябақтар, қоғамдық кеңістіктер және шағынаудандар бар.




