Қонаев қаласында бүгін «Барыс» экопаркінің алғашқы ағаштарын егу рәсімі өтті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған бұл шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Сондай-ақ эконауқанда қала тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер мен жастар, әскери қызметкерлер, ақсақалдар, депутаттар бой көрсетті.
Аймақ басшысы өз сөзінде экологиялық тұрақтылық – кез келген заманауи мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Қонаев қаласы – облыс орталығы ретінде қарқынды дамып келе жатқан шаһар. Жалпы аумағы 10 гектарды қамтитын «Барыс» экопаркі тек ағаш егетін орын емес, ол – қала тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи мәдени демалыс орталығы, жайлы қоғамдық кеңістік болмақ», – деді өңір басшысы.
Әкімнің сөзінше, бүгін экопарк аумағында 200 түп терек егілді, алдағы уақытта жалпы саны 5 мың ағаш отырғызылып, көгалдандырылады.
«Абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, заманауи жарықтандыру жүйелері мен орындықтар қойылады. Жыл соңына дейін экопарк толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар ол «Көшпенділер қалашығы» маңында да экопарк құрылып, 500 түп ағаш егілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, жыл соңына дейін Алматы облысында 220 мың ағаш егіледі.



