Қонаев қаласындағы «Alatau Hub» инновациялық орталығында облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және депутаттық этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының ұйымдастырумен көпшілік тыңдау өтті. Онда «Алматы облысы Бас жоспар» ЖШС жарғылық капиталындағы мемлекеттің 49 пайыздық үлесін жекешелендіру мәселесі қаралды.
Көпшілік тыңдауды тұрақты комиссия төрағасы Махаббат Бигелдиев жүргізді. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, департаменттер мен басқарма басшылары қатысты. Аталған мәселе бойынша облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Болат Мұсылманбеков баяндама жасады.
Болат Аманжолұлының айтуынша, аталған мекеме Алматы агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау шеңберінде облыс әкімдігінің 2023 жылғы 25 қаңтардағы №18 қаулысымен мемлекеттің 49% бақылаусыз қатысу үлесі бар «Алматы облысы Бас жоспар» ЖШС болып құрылған. Серіктестік Мемлекет басшысының сәулет, қалақұрылысы және құрылыс саласындағы цифрландыру мәселесі бойынша тапсырмаларын іске асыруға және орындауға бағытталған жұмыстар жүргізген.
– «Алматы облысы Бас жоспар» ЖШС-ға 2024 жылғы дивидендтер бөлінбеді, өйткені 2025 жылы серіктестік жүзеге асыруы болжанған жұмыстарды қаржыландыру алынып тасталды. Биыл да бюджет қаражаты қарастырылмады. Бұл жағдай серіктестікті қаражат тапшылығына және ақшалай міндеттемелерді орындауда қиындыққа тіреді, – деді Болат Аманжолұлы
Келесі кезекте бяндама жасаған облыстық қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақова жекешелендіру барысының құқықтық нормалар шеңберінде, тиісті заң аясында жүзеге асатынын жеткізді.
– Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 8 мамырдағы №542 Жарлығымен мемлекеттік органдарға тиісті активтерді бәсекелі ортаға беру тапсырылған болатын. Осы негізде сәулет және қалақұрылысы басқармасы тарапынан «Алматы облысы бас жоспар» ЖШС-дегі Алматы облысы әкімдігінің 49% қатысу үлесін жекешелендіру ұсынылуда. Жекешелендіру туралы шешім жария тыңдаулардың оң қорытындысы шыққаннан кейін жергілікті атқарушы орган тарапынан, қаулы қабылдау арқылы қабылданады. Сату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, тәуелсіз бағалау арқылы айқындалған нарықтық құн негізінде жүзеге асырылады», – деді Бибігүл Төкенқызы.
Көпшілік тыңдаудың қорытындысы бойынша «Алматы облысы бас жоспар» ЖШС жарғылық капиталындағы мемлекеттің 49 пайыздық үлесін жекешелендіру ісі қолдау тапты. Жиын соңында мәслихат депутаттары жекешелендіру мәселесінде мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын одан әрі арттыруға, халықты ақпараттандыру тетіктерін жетілдіруге баса назар аудару қажеттігін алға тартты.
Ерзат АСЫЛ




