Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында орналасқан SDU университетінде Ғылым және жоғары білім министрлігі, «KURSANT SCOOL» жекеменшік мектебі және Қарасай аудандық білім бөлімі бірлесе отырып «STUDY IN KAZAHSTAN» деп аталатын үздік жоғары оқу орындарының көрмесін өткізді. Ауқымды шараға еліміздегі 54 жоғары университеттің өкілдері қатысып, өңірдегі мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдауға қатысты мәлімет таратты.
«STUDY IN KAZAHSTAN» жобасы талапкерлерге Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындары мен елімізде ашылған шетелдік университеттер филиалдарының білім беру мүмкіндіктері мен мемлекеттік грант, қабылдау талаптары және оқу ерекшеліктері туралы толық ақпарат беруге бағытталған. Осы орайда Астана қаласында басталған іс-шара Павлодар, Семей, Өскемен, Алматы қалаларында өткізіліп, Алматы облысы бойынша Қаскелең қаласына табан тірегені қуантады.
Университет ауласындағы ақшаңқан шатырларда еліміздің 54 жоғары оқу орнынан келген өкілдер түлектерге өздерінің білім ордасы жайында, мұнда игерілетін мамандықтар мен шет мемлекеттердің жетекші оқу орындарында білімін жалғастыру туралы ақпарат беріп, буклеттер таратты.
– Осындай шараға былтыр 35 университеттің өкілдері қатысқан болса, биыл 54 жоғары оқу орнынан келіп отыр. Егер Қарасай ауданында биыл 5800 түлек мектеп бітіретінін ескерсек, бұл шара солардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауға, озық университетте білім алуына ықпал ететіні анық. Қазір 10-11 сынып оқушылары білім ордаларының бағдарламаларымен танысуда. Одан кейін секциялық жұмыстар жалғасады. Мұнда мамандар мектеп бітіруші түлектерге мамандықты дұрыс таңдауға көмектеседі, – дейді аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Әсел Еркімбаева.
Шарада ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев сөз алып, аталған жобаның мәні мен мағынасы туралы айтып өтті.
– 2025 жылы елімізде 217 мың түлек мектеп бітірген болса, биыл бұл көрсеткіш 232 мыңға жетіп отыр. Демек жоғары оқу орнына түсуге үміткерлердің саны да арта түседі деген сөз. Осы орайда біз еліміздің 14 қаласында осындай көрме өткізіп, 6 мың шақырымнан астам жерді жүріп өтуді жоспарлап отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым және жоғары білім министрлігіне берген тапсырмасы бойынша Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу қолға алынып отыр. Соның нәтижесінде әлемдегі үздік университеттер елімізге келіп, жұмыс істей бастады. Қазір талапкерлердің басым көпшілігі екі мегаполис – Алматы мен Астана қаласын таңдайтыны белгілі. Осыған байланысты министрлік өңірдегі университеттердің дамуына айрықша көңіл бөліп отыр, – деді ол
Руслан Тоқтарбекұлы сөзінің соңында сахнаға көрік беріп тұрған осы шараның жүргізушісі, өткен жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғарғы 140 балл жинап, SDU университетінде білім алуды таңдаған Ақмола облысының түлегі Айым Ержанованың жетістігін атап өтті.
Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева, SDU университетінің ректоры Әлімжан Игенбаев, «KURSANT SCOOL» жалпы білім беретін жекеменшік мектебінің директоры Бексейіт Біржанұлы, кәсіптік бағдар беру маманы Омарбек Көшкінбайұлы осынау шараның маңыздылығы жайлы айтып, мектеп бітіретін түлектерге алдағы сынақтардан жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, өздері қалаған университеттің студенті атануына тілектестік білдірді. Ауқымды іс-шараның келесі бөлімі SDU университетінің ғимаратында секциялық ұштасты.
Шара соңы концертке ұласып, жастар тамаша көңіл-күймен тарқасты. Алдағы уақытта аталмыш шара Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау мен Жаңаөзенде жалғасады.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы





