Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің бастамасымен ұйымдастырылған SERPIN WAY 2 керуені облысымызға атбасын бұрды. Ең алдымен Қонаев қаласына аялдаған керуен мүшелері облыс орталығындағы бірқатар орта мектептердің жоғары сынып оқушылары және ата-аналарымен жүздесті.
Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектепте 10-11 сынып оқушыларымен өткен кездесуде университет өкілдері оқушыларға жоғары оқу орнына түсу, мамандық таңдау, ҰБТ талаптары туралы жан-жақты ақпарат берді. Оларға түрлі түсіндірме материалдар таратылды. Қызығушылық танытқан қатысушыларға қосымша қолдау және кеңес алу үшін жеке байланыс нөмірлері ұсынылды. Қазір аталған университет мамандарды бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша үш деңгейде даярлайды, онда алты мыңға жуық студент білім алады. «Кейбір мамандықта оқитын студенттер АҚШ-тың Тусон қаласындағы Аризона университетінде бір семестр оқиды. Барлық шығынды М.Қозыбаев университеті көтереді. 2025 жылдан бастап ІТ мен биотехнология бағдарламасы бойынша 40 студент Америкада білім алды. Ал биыл жоғарыда айтылған бағдарламалардың үстіне инклюзивті білім бағдарламасы қосылып, 131 студент мұхит асу мүмкіндігіне ие болды», – дейді жоғары оқу орнының жетістігін сөз еткен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті студенттер қауымдастығының президенті Асанәлі Жанатұлы.
«Serpin way» бағдарламасын өткен жылы Қозыбаев университеті Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырған болатын. Бағдарлама аясында білім алушыға тегін оқу, жатақхана, стипендия, жолақысы және жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі. Биыл жоба өз жалғасын тапты. Осы жолы университет командасы Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облысындағы 30-дан астам елдімекенді араламақ ниетте. Оның 14-і – қала. Сапар барысында арнайы топ 120-дан астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. «Сапардың маңызды мақсаты – ұлттық «Серпін» бағдарламасына жаңа серпіліс беру. Соңғы 10 жыл ішінде бұл бағдарлама мыңдаған жастың сапалы білім алуына септігін тигізді. Бұл кадр тапшылығы бар аймақтарда жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді. Жалпы «Serpin Way» бағдарламасы аясында біз қалалар мен шалғай ауылдардағы жергілікті әкімдіктермен, мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен кездесулер ұйымдастырамыз. Биыл 600 мың адамды қамтымақшымыз», – деді «Serpin Way» жобасының жетекшісі Ғабит Мүсірепов.
Бүгінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 130-ға жуық бірінші курс студенті білім алып жүр. Бұл көрсеткіштер жобаның сұранысқа ие екенін және оның нақты тиімділігін айқын аңғартады. Serpin Way 2 тек университет туралы таныстырып қана қоймай, оңтүстік өңірлердегі жастарға сапалы білімге, кәсіби дамуға және жаңа өмірлік мүмкіндіктерге бастайтын нақты жолды көрсететін жоба. SERPIN WAY 2 керуені облысымыздағы Іле, Қарасай, Жамбыл ауданындағы кейбір орта мектеп оқушыларымен кездесіп, оларға түсіндіру жұмысын жүрізеді.
Ерзат АСЫЛ





