Отан алдындағы азаматтық борыштарын абыроймен атқарған «Көктем-2025» шақырылымының бір топ сарбазы «Сарбаз 2.0» бағдарламасы бойынша азаматтық және әскери жоғары оқу орындарында тегін оқуға сертификат алды.
Айта кетерлігі, Қазақстанда мерзімді әскери қызметшілерге арналған «Сарбаз 2.0» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Еліміздің Қорғаныс министрлігі қолға алған жоба жас сарбаздардың әскери борышын өтеу кезеңін тиімді пайдаланып, олардың болашақ кәсіби бағытын айқындауға бағытталған. 2023 жылы іске қосылған бағдарлама аясында әскери қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздарға жоғары оқу орындарына түсуге арналған арнайы сертификаттар табысталады. Бұл – жастарды қолдау әрі мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қамқорлықтың көрінісі. Мамандардың айтуынша, бағдарлама жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, олардың жауапкершілік пен тәртіпке бейімделуіне оң әсер етеді.
Осының нақты дәлелі, таяуда ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің клубында 24 сарбазға сертификат тапсыру рәсімі өтті. 2025 жылдың көктемінде әскерге алынып, жауынгерлік-даярлық қызметінің үздігі атанған ел қорғандарына армандаған құжатты департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Айдос Алиев тапсырды. Департамент басшысы олардың ел шебіндегі қызметтеріне алғыс айтып, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.
– Бұл – жай ғана бардарлама емес, сіздерге көрсетілген сенім. Мемлекеттің жастарға артқан үміті. Әскери қызметті адал атқарғандарыңыз үшін армандарыңызға бір қадам жақындадыңыздар. Өздеріңіз таңдаған жоғары оқу орны – жаңа мамандық, жаңа өмір, жаңа мүмкіндік, – деді полковник А.Алиев.
Кадр бөлімінің бастығы подполковник Асхат Айсағалиевтің айтуынша, бүгін сертификатқа қол жеткізген 24 сарбаздың 3-уі ҰҚК шекара академиясында білім алады. Ал бір сарбаз Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институының курсанты атанса, оның қаруласы ІІМ академиясында оқитын болады.
Осы сәтті орайымен пайдаланған біз қатардағы жауынгер Алим Мақсұтовты сөзге тартқан едік.
– Әскери қызмет мен үшін үлкен өмір мектебі болды. «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында сертификат алу – еңбегімнің нәтижесі деп білемін. Енді өзім таңдаған Қазақ Ұлттық аграрлық-зерттеу университетіне түсіп, білімімді жалғастыруды жоспарлап отырмын. Мемлекет тарапынан жасалған осындай қолдау біз сияқты жастарға үлкен мотивация береді. Бір жағынан, өзімнің екінші туған үйіме айналып үлгерген әскери ұжымымды, қаруластарымды қимаймын. Өйткені, мен мұнда ғұмырыма жетерлік тәжірибе алдым. Өзім Жетісу облысының Текелі қаласынанмын, – деп ағынан жарылды сарбаз. Оның былтыр қыркүйекте Тілдер күніне орай Алматы қаласындағы Достық үйінде өткен ауқымда шара кезінде Мұқағалидың «Міне, мен Отанымның шетіндемін» деген поэмасын нақышына келтіре оқығаны жадымызда.
Ал бүгін ол ел шебіндегі адал қызметі мен тәртібі үшін сертификат иесі атанды. Осындай жастардың қатары көбейе беретініне сенімдіміз.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаменті



