Баспананың жоқтығы, одан қалса жұмыссыздық кез келген адамның өмір сүру сапасын жақсартуға кедергі болатын маңызды мәселенің бірі. Дегенмен екі қолға бір күрек таппай, отбасын орнықты орналастыра алмай жүрген жандар үшін мемлекет жақсы мүмкіндік қарастырған. Еліміздің Солтүстік өңіріне қоныс аударсаңыз, алдымен баспанаға оңай қол жеткізіп, одан кейін тұрақты жұмыспен қамтыласыз. Ал отбасылы жандар үшін оның әрбір мүшесіне қаржылай қолдау тағы бар. Бұл бағдарламаның бағытын ашып айтар болсақ, тиімді тұстары жетерлік.
Осы мақсатта Қарасай ауданына Солтүстік Қазақстаннан арнайы делегация келіп, Шамалған мен Елтай ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесу өткізді. Жиын барысында алдымен СҚО Еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұрлан Бибулаев солтүстікке көшу кезінде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың басты шарттарын атап өтті.
– Ең үлкен көмек – тұрғын үй сатып алуға берілетін қаржылай қолдау. Бұрын оның көлемі 4,5 млн теңге болатын. Биыл аталған ақшалай көмек 7 млн теңгеге дейін көтерілді. Егер тұрғындар келе сала тұрақты баспана таба алмай жатса, бір жыл ішінде жер үй немесе пәтер жалдай алады. Оған да мемлекеттен ақша бөлінген. Мәселен, ауылдық жерлер үшін шамамен 60 000-нан 90 000 теңгеге дейін, қалаларға – 90 000-нан 120 000 теңгеге дейін қарастырылған. Коммуналдық қызмет төлеміне де қаржы қарастырылған. Бұл жерде бір айта кетерлігі, егер көшіп келушілер бір жыл ішінде ертерек тұрғын үйге қоныстанып жатса, аталған көмек сол уақытта тоқтатылады. Сонымен қатар көшіп келушілерге арналған субсидияны да айта кеткен жөн. Яғни отбасының әрбір мүшесіне, оның ішінде жас баладан бастап қарияға дейін 302 мың теңгеден қаржы беріледі, – деп Нұрлан Төлеуұлы ең маңызды қолдау түрлерін түсіндірді. Осы ретте айрықша атап өтетін бір жайт – сатып алынған баспананың 5 жылдан кейін жекеменшікке өтуі. Одан кейін ол отбасы тұрғын үйді сатуға да құқығы бар. Одан бөлек кәсіп бастаймын деушілер үшін қайтарымсыз гранттар да қарастырылған.
Солтүстік аймақта ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Сондықтан агрокомпаниялар көбінесе жүк көліктерін жүргізуші, механизатор, малшы, мал дәрігері, зоотехник сияқты кадрларды іздейді. Ал кәсіпорындар жас мамандарды жаңа қызметке үйрету үшін арнайы оқытып, тәжірибеден өткізуге дайын.
Аталған өңірде білім саласына да ерекше мән берілген. Кейбір аудандарда педагогтердің тапшылығы байқалады. Ол жайында да делегация мүшелері сөз қозғап, мәселеге жеке тоқталды. Солтүстік өңірдегі Шал ақын аудандық білім бөлімінің басшысы Бұлбұл Ахмадиқызының сөзінше, балабақша мен мектептерде кадр жетіспеушілігі анық білінеді. Тіпті, кейбір білім мекемелері жойылып кетудің алдында тұр. Сондықтан бала санын арттыру мен мұғалімдердің таптырмайтын маман екені күн тәртібінен түспейтін мәселенің біріне айналған.
Солтүстікте шаруа қожалықтар мен әлеуеті мықты компаниялардың өсіп-өркендеуі де білікті мамандарға байланысты. Ол жайында Ақжар ауданы «Еламан» шаруа қожалығының, Айыртау ауданы «Салман Агро» компаниясының, Ғ.Мүсірепов ауданы «Ақселеу» ЖШС-ның өкілдері кеңінен әңгімелеп, аталған мекемелердің тарапынан қандай маман тапшы екенін әрі қолдау түрлерін атап өтті.
Делегация мүшелері сөз сөйлегеннен кейін кездесуге арнайы келген қарасайлықтар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пайымды ақпарат алды. Олардың арасында болашақ жас маман атануға ниетті студенттер, жұмыссыз жандар, тіпті зейнет жасындағы ата-апаларымыз да Солтүстік Қазақстанға көшуге қызығушылық танытты.
Мемлекет қолдау білдірген бұл бағдарламаның жай-жапсарын көптен бері зерделеп, қоныс аударуға ниетті болып жүргендердің бірі – Қарасай ауданы Ұлан ауылының тұрғыны Данияр Жаныспаев. Ол да осы жиынға отбасы мүшелерімен арнайы қатысып, делегация мүшелеріне сауалын қойды. Оның айтуынша, бағдарламаның барлық шарты көңілге қонымды.
– Бағдарлама менің отбасым үшін қолайлы болып тұр. Солтүстік өңірге көшуге қамданып жатырмыз. Ол жаққа барып, ел қатарлы жұмыс істеп, еңбек етіп, сол жерге пайдамды тигізсем деп отырмын. Бір жағынан, отбасыммен өсіп-өнуді де ойлаймын. Қысқасы, көшуге дайынбыз. Айтпақшы, мен ол жаққа жалғыз емес, Мақсат есімді досыммен қоныс аударуға ниеттіміз. Ол да отбасылы. Қазіргі таңда тиісті құжаттарымыздың бәрін тіркеп қойдық. Бағдарлама шарттарына қатысты делегация мүшелерімен ақылдасатын бір-екі жайт бар. Одан кейін көшетін елдімекенді таңдап, жақын арада Солтүстік өңірге қарай жолға шығамыз, – деп пікір білдірді Данияр Жаныспаев.
Бағдарламаның басты талаптары аталған жиында көпшілікке түсінікті болды. Тұрғындар делегация мүшелерінен ақпаратқа көз жеткізіп, байланыс нөмірлерін жазып алып жатты.
Айта кетейік, егер Солтүстік Қазақстанға көшу жөнінде мемлекеттік бағдарламаға қызығушылық танытқандар болса, Қарасай ауданының Мансап орталығынан білуге болады. Мекенжайы – Шамалған ауылы, Жібек жолы көшесі, 45.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Қарасай ауданы




