Апта соңында Алматы облысы әкімінің қолдауымен, облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен Қарасай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» тақырыбында облыстық іс-шара болып өтті. Оның мақсаты: Цифрлық дәуірде сөздің құндылығы мен рөлін талқылау, тілдің маңыздылығын арттыру, ақпарат таратудағы жауапкершілікті түсіндіруге бағытталған. Шараға облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, депутаттар, тіл мамандары, зиялы қауым өкілдері, жастар және этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Іс-шара «Қарасай жастары» театры өнерпаздарының сахналық қойылымымен басталды. Мұнда алдымен сонау тас дәуірі кезеңін бейнелейтін «Шамандар биі» көрсетіліп, соңынан ақпараттық дәуір, радио дәуірі, цифрлық кезең айшықталды. Сахнада қазақ халқының өнері мен мәдениетін, солар арқылы қазіргі дамыған замандағы технологиялық жетістіктер мен олардың адам өміріндегі қызметін көрсететін оқиғалар көрініс тауып жатты.
Байқаудың ашылу рәсімінде сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Дауыспекқызы өзінің құттықтауында: «Қазіргі кезең – технология қарыштап дамыған, ақпарат алмасу жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен уақыт. Интернет, әлеуметтік желілер мен түрлі цифрлық платформалар қоғамдағы пікір қалыптастырудың негізгі құралына айналды, сөздің құндылығы, оның жауапкершілігі мен мәдениеті бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Өйткені сөз – тек ақпарат жеткізудің құралы емес. Сөз – ұлттың жаны, халықтың рухани айнасы» – деп атап өтті.
Осыдан кейін ол алдын ала жүргізілген іріктеулерден сүрінбей өткен жеңімпаздарды аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Осы бағытта ауданда тіл, мәдениет, білім саласының дамуына ерекше үлес қосып жүрген азаматтарды, ғылыми атағы бар тұлғаларды қолдауға бағытталған «Тілдарын» номинациясының жеңімпазы Ұлтусын Амангелдіқызы, Әбдрахмен Серікұлы; өңірдегі тіл саясатын жүргізіп, мемлекеттік тілді насихаттап жүрген цифрлық дәуірде іскерлік ортаның тілдік мәдениетін дамытуға үлес қосқан кәсіпкер Елдос Мұқатаев, «Тіл тазалығының тірегі» номинациясы бойынша; мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған Кемелхан Таңат «Мемлекеттік тіл – бизнесте» номинациясы бойынша; тіл тазалығын ту ете жүріп үздік қызмет көрсетуде Нурдиновтар отбасы «Мемлекеттік тіл – мерейім» номинациясы бойынша; желідегі жарқын дауыс пен қазақ тілді контенттің дамуына қосқан ерекше серпіні үшін журналистер мен блогерлер атынан Сәуле Қожақызына «Жаңа дәуір үні» номинациясы бойынша; туған тілдің туын желбіретіп, ауыл халқы арасында ұлттық құндылықтарды ұлықтап, тіл мәртебесін асқақтатқан Қарасай ауданының білім бөліміне (меңгерушісі Әсел Әбілеқызы) «Тілге қызмет – елге қызмет» номинациясыбойынша; мемлекеттік тілдегі іс қағаздарын жүргізудің жоғары мәдениетін қалыптастырып, құжатнама саласында кәсіби шеберлік көрсеткен Дина Малғаждарқызы «Құжат шебері – тіл зергері» номинациясы бойынша марапатталды.
Осыдан кейін сахнаға ақын әрі тіл зерттеушісі, марқұм Серік Қалиевтың жары Пернегүл Сабырбекқызы шақырылып, облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген «Мақал-мәтел мағыналары» атты кітаптың тұсаукесері өткізілді.
Шара барысында «Мақал – сөздің маржаны» атты мақал-мәтел байқауы өтікізілді. Байқау мемлекеттік тілді цифрлық дәуірде дамыту, ұлттық тәрбиені арттыру, жастардың ой-пікірін қалыптастыру, адал азамат тәрбиелеу болғаны анық. Сонымен қатар – сөздің рухани, мәдени және әлеуметтік құндылығын түсіну, ұлттық құндылықтарға, ана тіліне құрметті, тіл мәдениетін насихаттайтын тұрақты бастамалар қалыптастыруды мақсат етіп алған еді.
Бұл белдесуде барлық қатысушыларға арнайы дипломдар табысталса, үшінші орынды Әсия Әділбек, екінші орынды Балғын Жантаева, бірінші орынды Асыл Өтепберген, ал бас жүлдені Серік Хамза жеңіп алып, арнайы дипломмен бірге ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Цифрлық кеңістіктегі тіл мәдениеті мен сөздің қуатын сездіретін бұл игі шара бұдан әрі Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында жалғасатын болады.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы





