Қарасай ауданындағы «Nur-Aman» спорт кешенінде Наурыз мейрамы аясында ардагер спортшылар арасында ашық облыстық біріншілік өтті. Ауқымды шараға Алматы облысының қала-аудандарынан 11 команда мен 300-ден астам қатысушы жиналды.
Бұл турнир тек жарыс қана емес, сонымен қатар спорт мерекесі, ұрпақтар сабақтастығы мен ұзақ жылдар бойы дене шынықтыру саласын дамытып, өңірдің абыройын асқақтатқан азаматтарға деген құрметтің көрінісі болды.
Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаров бұл шараның маңыздылығын ерекше атап өтті:
«Біз үшін тек бүгінгі спортты дамыту ғана емес, оның тарихына деген құрметті сақтау да маңызды. Ардагерлер — біздің жеңістеріміздің бастауында тұрған жандар. Олардың көпшілігі чемпиондарды тәрбиелеп, бүгінгі жетістіктердің негізін қалады. Ардагер спортшыларды қолдау, олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау және еңбегін бағалау — біздің міндетіміз».
Жарыстар бірден бес спорт түрі бойынша ұйымдастырылып, әрқайсысы өз жанкүйерлері мен қатысушыларын жинады.
Шағын футболда 45 жастан асқан ер азаматтар (5+1 форматта) бақ сынады. Ойындар тартысты өтіп, қатысушылар жоғары физикалық дайындық пен тактикалық шеберліктерін көрсетті. Финалда Талғар ауданының командасы Еңбекшіқазақ ауданын жеңіп, чемпион атанды.
Волейболдан 50 жастан асқан ерлер командалары сынға түсті. Ойындарда тәжірибе мен үйлесімділік айқын байқалды. Қарасай ауданының командасы бірінші орынды иеленсе, жүлделі үштікке Талғар және Іле аудандарының командалары енді.
Үстел теннисі ең көп қатысушы жиналған спорт түрлерінің бірі болды. 35+ және 50+ санаттарында ерлер мен әйелдер бақ сынады. Қарқынды әрі тартысты өткен ойындарда жеңімпаз атанғандар: Мұратхан Жағыпаров, Асхат Игисинов, Светлана Следнева және Роза Мусербаева.
Алматы облысы «Спорт ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Қайрат Бірімжанов турнирдің маңыздылығына тоқталды:
«Мұндай жарыстар тек медаль үшін емес. Бұл — кездесіп, пікір алмасып, бәсекелестік рухын қайта сезінудің мүмкіндігі. Біз ардагерлердің әлі де белсенді, жігерлі екенін көріп отырмыз. Бұл жас буынға үлкен үлгі. Өзім де үстел теннисіне қатысып, жүлделі орынға ие болдым».
Армрестлингтен 45 жастан асқан ерлер мен әйелдер сынға түсіп, күш пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Жеңімпаздар қатарында: Саят Жанбыршиев, Азамат Телтаев, Даурен Спатаев, Леонид Юсупов, Светлана Рычкова және Светлана Уристемова бар.
Шахматтан 40–64 және 64+ жас санаттарында ерлер мен әйелдер арасында тартысты ойындар өтті. Интеллектуалды бәсекеде жеңімпаз атанғандар: Сәрсен Жанқұатов, Рустам Пермұхамедов, Мариямкүл Нұрышева және Алма Кушербаева.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.




