Қонаев қаласындағы Alatau Hub алаңында жасанды интеллект пен UI/UX дизайн тақырыптарына арналған оқыту семинары өтті. Негізгі мақсаты – қатысушылардың практикалық дағдыларын дамыту және IT-өнімдерді жасау барысында қолданылатын заманауи цифрлық құралдармен таныстыру. Оқыту семинарына Қонаев қаласындағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласына қызығушылық танытқан мектеп оқушылары, студенттер және IT қауымдастығының өкілдері қатысты.
Шара барысында қатысушылар заманауи технологиялық трендтермен танысып, жаңа білім алып, өзара тәжірибе алмасты. Оқыту воркшоптары мен сарапшылық баяндамалар сериясы ұйымдастырылды.
Alatau Hub менеджері Сергей Шипулиннің «Стартаптардағы AI: жылдам прототиптер және гипотезалар» тақырыбында баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы өз сөзінде стартап идеяларын әзірлеу және тестілеу барысында жасанды интеллектіні қолдану жолдары туралы айтты.
Келесі кезекте Alatau Hub менеджері Айдана Кеңесова «UI/UX дизайн және AI: ыңғайлы өнімді қалай жасауға болады» тақырыбында сөз қозғады. Ол AI құралдарын пайдалана отырып, пайдаланушы интерфейстерін жобалаудың практикалық тәсілдерімен бөлісті.
Іс-шараның тәжірибелік бөлімі Figma платформасында өтті. Қатысушылар цифрлық шешімдердің интерфейстері мен прототиптерін әзірлеу бойынша тапсырмалар орындап, өз жобаларын көпшілік алдында қорғады. Үздік дизайн жұмысын ұсынған қатысушыларға «Freedom Telecom» компаниясының тарапынан әзірленген сыйлықтар тарту етілді.
Шара соңында қатысушылар үшін IT Quiz ұйымдастырылды. Интеллектуалдық сайыс нәтижесінде жүлделі үш орынға ие болғандарға арнайы сыйлықтар берілді.
Аталған іс-шара цифрлық технологияларды насихаттауға, жастардың практикалық дағдыларын дамытуға және өңірдегі IT қауымдастығын нығайтуға бағытталды. Сонымен қатар қатысушылардың білімін шыңдап, тәжірибе алмасуға және инновациялар мен жасанды интеллект саласында кәсіби дамуына септігін тигізгені анық.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




