Алатау қаласында ардагер спортшылар арасында тоғызқұмалақтан Алматы облысының чемпионаты өтті. Турнирге өңірдің әртүрлі қала мен аудандарынан 50-ден астам тәжірибелі ойыншы қатысты. Жарыс 40–50 жас, 51–60 жас, 61–70 жас және 71 жастан жоғары жас санаттары бойынша ұйымдастырылды.
Тоғызқұмалақ — логика, математика және тактиканы ұштастыратын ең көне зияткерлік спорт түрлерінің бірі. Ардагерлер арасындағы жарыс турнирге ерекше мән дарытты: мұнда тек техникалық шеберлік қана емес, көпжылдық тәжірибе, бірнеше қадам алға ойлау қабілеті және шешуші сәттерде сабыр сақтай білу маңызды рөл атқарады.
Облыстық жарыстың басты мақсаты – мамыр айында Талдықорған қаласында өтетін Қазақстан Республикасының ардагерлер арасындағы чемпионатына қатысатын облыс құрамасын жасақтау.
«Жыл сайын ардагерлер арасында тоғызқұмалаққа деген қызығушылық артып келеді. Бұл жарыстар зияткерлік спорттың жасқа қарамайтынын көрсетеді. Қатысушылар ойынның тереңдігін, стратегиялық ойлау қабілетін және жоғары дайындық деңгейін паш етуде. Біз үшін жеңімпаздарды анықтаумен қатар, республика чемпионатына қатысатын мықты облыс құрамасын жасақтау маңызды», — деп атап өтті Алматы облысының тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Ерболат Қылышбаев.
Қатысушылар классикалық форматта, швейцар жүйесі бойынша жеке есепте бақ сынады. Бұл формат ойыншылардан жоғары деңгейдегі шоғырлану, стратегиялық ойлау және төзімділікті талап етеді.
60 жас және одан жоғары әйелдер санатында жеңімпаз атанған Күлсін Мұсаева – Алматы облысындағы тоғызқұмалақтың жарқын өкілдерінің бірі. Ол бұл ойынмен 5 жасында атасы мен әкесінің арқасында танысқан. 1995 жылы алғаш рет ел чемпионы атанып, сол жылы Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алған. Спорттық мансабында ол 11 рет Қазақстан чемпионы атанып, бүгінде ардагерлер арасындағы жарыстарда табысты өнер көрсетіп келеді. Күлсін Мұсаева 40 жылдан астам уақытын жаттықтырушылық қызметке арнаған. Оның жетекшілігімен 100-ден астам спорт шеберлігіне кандидат және 25 спорт шебері дайындалған. Қазіргі таңда ол Кеген ауданындағы спорт мектебінде балаларға тоғызқұмалақтан тәлім беруде.
«Тоғызқұмалақ – жай ойын емес, бұл нағыз ойлау өнері. Әрбір партия толық зейін қоюды талап етеді. Осындай чемпионаттарға қатысу – өзіңді сынауға, мықты қарсыластармен тәжірибе алмасуға және әрі қарай дамуға мүмкіндік береді. Бұл турнир тоғызқұмалақтың ұлттық мұраның маңызды бөлігі әрі зияткерлік және белсенді ұзақ өмір сүрудің тиімді құралы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді», – деді Қазақстан Республикасының спорт шебері Күлсін Мұсаева.
Облыстық чемпионат жеңімпаздары қатарында Қарасай ауданынан Боканов Ғабит пен Әбдіғапова Гүлнариям; Талғар ауданынан Ходжахметов Нұрахметжан мен Қалданова Айткүл; Алатау қаласынан Сейсенбаев Сайлау мен Бірімбаева Райхан; Іле ауданынан Байдәулетова Мөлдір бар.





