Қонаев қаласының Соболев көшесінде орналасқан апатты жағдайдағы көппәтерлі үйдің тұрғындары қауіпсіздік мақсатында басқа пәтерлерге көшірілді. Аталған аумақта жаңа көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жақын арада басталады. Құрылысқа тапсырыс беруші – «Қонаев ӘКК» АҚ.
Жаңадан салынып жатқан нысанның жолды жауып қалуы мүмкін деген тұрғындардың шағымы негізінде көшпелі кездесу ұйымдастырылды. Қала әкімі Асхат Бердіханов құрылыс алаңын аралап, жағдаймен танысты.
Кездесу барысында шаһар басшысы мердігер ұйымға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, құрылыс нысанын қауіпсіздік талаптарына сай қоршау, жол қозғалысына кедергі келтірмеу, тұрғындарға қолайсыздық туғызбау қажеттілігін қатаң ескертті.
«Тұрғын үй құрылысы халықтың көлік қатынасына әсер етпеуі тиіс. Барлық жұмыс тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын ескере отырып жүргізілуі керек. Сондай-ақ осы көшенің бойында заңсыз орналастырылған контейнерлерді алып тастауды тапсырамын», – деді Асхат Бердіханов.




