ҚР Ұлттық кітапханасында «Шалқар» радиосының 60 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Салтанатты жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ернұр Бурахан, «Қазақ радиолары» ЖШС басшысы Нұртас Солтанұлы, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Шалқар» радиосының ардагерлері мен қызметкерлері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Шалқар» радиосының 60 жылдығына арналған салтанатты жиында Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізді.
– «Шалқар» радиосының қазақ руханияты мен ел тарихында алатын орны ерекше. Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде қазақ тілінде хабар таратып, ұлттық құндылықтарды паш еткен «Шалқар» атты бағдарламаның, одан кейін ұлттық радионың өмірге келуі – сол кезеңдегі ұлтын сүйген, елінің қадір-қасиетін, болашағын ойлаған ардақты аға-апаларымыздың ерлігі. Осы орайда аға буын өкілдеріне зор алғыс айтамыз!
1966 жылы алғашқы рет эфирге шыққан «Шалқар» радиосы бүгінде ұлтымызға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен төл өнерін, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, сағындырған ретромузыкасын, өткенімізден сыр шертетін «Алтын қордағы» асыл қазыналарымызды насихаттап, мемлекеттік тілде хабар тарататын нағыз ұлттық арнаға айналып отыр. Бұл белеске радионың қызметкерлері мен ұжымның ұзақ жылғы қажырлы еңбегімен, үздіксіз ізденуімен жеткені анық.
Радиожурналистика – қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін бірегей кәсіп. Сондықтан да ақпарат айдынында жүрген сіздерді үлкен белеспен құттықтай отырып, шабыттарыңыз шарықтай берсін дегім келеді, – деген Мәлік Нұржанұлы «Шалқар» радиосының негізін қалап, ұлттық сана мен тіліміздің өз биігінде қалуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге ҚР Президентінің төсбелгісін, Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті.
Өз кезегінде сөз алған Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің, Премьер-Министр Олжас Бектеновтің және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Aида Балаевaның арнайы құттықтауларын жеткізді. Сонымен қатар ол «Шалқар» радиосы қазіргі таңда еліміздің 75 пайыз аумағына эфир тарататынын айтып, Аида Ғалымқызының тапсырмасы бойынша хабар тарату аумағын 95 пайызға дейін арттырып, шалғай ауылдарға дейін жеткізу көзделіп отырғанын айтты. Сондай-ақ Қанат Ысқақов радио саласында еңбек сіңірген бірқатар ардагер мен қызметкерлерді ведомстволық наградалармен марапаттады.
Шара барысында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың және Мәжіліс төрағасы Ерлан Кошановтың да құттықтаулары оқылды.
Арнаның 60 жылдығына орай жарық көрген «Ұлттың үнбайрағы» атты кітаптың тұсаукесері өтіп, таныстырылымы жасалды. Бұл – «Шалқар» радиосының тарихында алғаш рет жарық көріп отырған үлкен еңбек. Осы кітаптың шығуына демеушілік жасап, қолдау көрсеткен «Асыл кітап» баспа үйі директорының орынбасары Ермұхамед Ғалымның иығына ата жолымен шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Жиын барысында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, диктор Сауық Жақанова, радио ардагерлері Руслана Құдайбергенова, Құсман Игісінов, Намазалы Омашев, Әшірхан Телғозиев, Нұржан Мұхамеджанова, Ғалия Балтабай, Алтын Иманбаева сөз сөйлеп, қиын-қыстау кезеңде радио жұмысын жолға қойып, қиыннан жол тауып еңбек еткендері жайлы қызықты естеліктерін айтып берді. Сонымен қатар «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойына орай, қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның Құрметті радисі, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауының жарияланғаны хабарланды.
«Шалқар» радиосының қалыптасу кезеңіне көз жіберер болсақ, бағдарламаның бастауында Мифтах Жантикин, Едіге Әбдіғапаров, Таңатқан Рысаев, Бек Дәулетбаев, Уақап Қыдырханұлы, Зәмзам-Шариф Тарғақов, Мансұр Сағатов, Кенжебек Есімов, Мадрид Рысбеков, Сәркен Оспанов, Дулат Исабеков, Досан Жанботаев, Жеңіс Қашқынов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Кеңесжан Шалқаров, Руслана Құдайбергенова сияқты ардагер аға-апаларымыз тұрды. Сонымен қатар «Шалқар» алғаш рет Қазақ радиосының «Соңғы хабарлар» редакциясының аясында құрылғанын айта кету керек. 1966 жылы қаңтардың 1-і сағат 19:00-де дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаев ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасының дүниеге келгенін хабарлаған болатын. Жеке радиотолқында эфирге шыққан «Шалқар» ақпаратты-сазды радиостансасы бастапқы кезде тәулігіне 2 сағат хабар таратты. Жылдар өте келе, эфир уақыты 6 сағат, 10 сағат, 12 сағат, кейіннен тәулік бойы эфирге шықты. Қазіргі кезде «Шалқар» радиосы тәулігіне 18 сағат, толықтай қазақ тілінде хабар ұсынады.
«Шалқар» бағдарламасы алғаш құрылған күннен бастап-ақ ұлттық өнер мен әдебиетті, халық мұрасын, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауды басты мұрат тұтты. Радиода әр жылдары «Шалқар шаңырағы», «Саз сарайына саяхат», «Баспа базарлығы», «Армысың, ағайын!», «Ауыл және адамдар», «Мирас», «Қасиетті қағидалар», «Mұрагер», «Шаңырақ шаттығы», «Замандас жайлы сыр» қатарлы хабарлар шықса, қазіргі кезде «Атадан қалған асыл сөз», «Күй-шежіре», «Наридірген», «Інжу-маржан», «Тоғыз тарау», «Дарабоз», «Бүгінгі сөз», «Шалқар таңы», «Сөз киесі», «Темірқазық», «Жәдігер», «Ғылым кілті», «Жылқы жыры», «Нысана», «Жақсының жары» сияқты хабарлар беріліп келді.
«Шалқар» 1999 жылы уақытша жабылғанға дейін «Шалқар» бағдарламасы атанып келсе, 2002 жылы қайта ашылғаннан кейін «Шалқар» ұлттық арнасы» деген атау қалыптаса бастады. Ал 2014 жылдың 10 ақпанынан бастап арна «Шалқар» радиосы атанды.
Ұлттық арна атына сай 2020 жылдың 1 қыркүйегінде басталған жаңа маусымынан тек қана қазақтың дәстүрлі музыкасын, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, бабалар мұрасы – қазақтың әні мен күйін, ретро музыкасын, өткенімізден сыр шертетін «Алтын қордағы» асыл қазыналарын насихаттауға бет бұрды.
Бүгінде Қазақ радиосы, «Шалқар» және «Classic» «Қазақ радиолары» ЖШС құрамында хабар таратады. Мемлекет басшысы радио саласына ерекше көңіл бөліп келеді. 2021 жылы Үкімет қаулысымен 1 қазан – Радио күні болып бекітілген болатын.
Соңғы жылдары «Қазақ радиолары» ЖШС-да ауқымды іс атқарылды. Радиоларды заман талабына сай бейімдеу, контент сапасын арттыру, заманауи студиялар ашу, демеушілер тарту арқылы техникалық базаны жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Міне, осындай жарқын жаңалықтармен 60 белесті артта қадырған радионың мерейлі кешінде дәстүрлі әнші Еркін Шүкіманов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова ән шырқаса, республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы, күйші Дәуіржан Төлебаев радионың 60 жылдығына арнап өзінің «Шалқар шашу» атты күйін тарту етті.
Кеш соңында мерекелік дастарқан жайылып, жүзге жуық «Шалқар» радиосының бұрынғы және бүгінгі қызметкерлері бас қосты. Ардагерлер естеліктерін айтса, кейінгі буын үлкендерге құрметін көрсетті.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ



