Қоғамда ысырапшылдық ырық бермей тұр. Басқасын айтпағанда, жерлеу рәсімінде де аста-төк дастарқан жаюды әдетке айналдырдық. Қайтқан кісінің жақындары әуелі мейрамхана іздеп, көңіл айта келген жамағатқа тарататын жыртыс сатып алумен әлек болады. Сол үшін несие алып, қарызға белшесінен батып жатқандар қаншама?!
Осыған орай, Кеген аудандық Мәдениет үйінде облыстық Аналар кеңесінің «Белсенді ұзақ өмір орталығымен» меморандум аясындағы жоспарына сәйкес, аудандық Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық Аналар кеңесінің «Ысырапшылдық – ырысты азайтады» тақырыбындағы бас қосу жиыны өтті.
Онда қоғамда үнемшілдік мәдениетін қалыптастыру, тұрмыстағы жауапкершілікті арттыру және ұлттық құндылықтар негізінде қарапайым өмір салтын насихаттау, ысырапшылдыққа жол бермеу және оның алдын алу мәселелері көтерілді.
Алдымен келген қонақтар ғимарат кіреберісінде аналар жұмысына арналған «Өнер сыры – өрнекте» көрмесімен, ұлттық құндылықтарға негізделген үйірме жұмыстарымен танысты.
Облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлнара Жошыбаева, облыстық «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ-нің директоры Жания Сақташева, аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-нің Қоғамдық институттармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шораұлы, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев, Қонаев қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бақытбек Давлетов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қуанышбек Төлепбердиев, аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Демежанқызы, Қонаев қаласы, Ұйғыр, Райымбек аудандарының Аналар кеңесінің төрағалары, ауылдық округ әкімдері, елдімекендердегі Аналар кеңесінің төрағалары, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері бас қосқан кездесуде ысырапшылдық әңгіме арқауына айналды.
Шара сахнадағы ысырапшылдыққа қатысты отбасылық көрініспен басталып, алғашқы болып аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Демежанқызы «Күнделікті өмірдегі үнемге – қарапайым қадамдар» тақырыбында баяндама жасап, аталған мәселеге тоқталды.
– Ысырапшылдыққа жол бермеуде Қарқара ауылы көш бастап тұр. Қарқаралықтар бұл мәселені 2008 жылдан бері қолға алып, бір жүйеге келтірген, – деген Бақытгүл Демежанқызы жыл бойғы атқарған жұмыстарын саралады.
– Ысырапшылдық туралы діни басқармалар арқылы пәтуалар шығарылды, ол пәтуаны мойындап, орындайтын облыстар бар, оны орындамайтын облыстар бар. Сол орындамайтын облыстың ішінде біз бармыз. Ысырапшылдық туралы айтылғанда оны тек ойсыз, мал шашумен байланыстыру да дұрыс емес. Тереңірек үңілсек, ол елдің экономика, қаржы саласына да қатысты. Бюджеттегі қаражатты мекеме, ұйымға қатысты мүлікті орынсыз, бей-берекет байқатуда ысырап болып табылады, – деген облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлнара Сағатқызы іс-шараның маңыздылығына тереңірек үңілді.
Шара барысында облыстық «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ-нің директоры Жания Сақташева «Ысырапсыз өмір салты: дағды қалыптастыру» тақырыбында баяндамасын жасады.
Жас ұрпаққа бағытталған тәрбиелік іс-шараларды жүйелеу және отбасы институтының рөлін күшейту бүгінгі қоғам үшін өзекті болып табылатындығын тілге тиек еткен «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-нің Қоғамдық институттармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шораұлы облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлнара Жошыбаеваны, аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Демежанқызын, Райымбек аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Балжан Омарованы мекеменің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков жиынды қорытындылады:
– Қазақ халқы ежелден қанағатпен үнемділікті өмірлік қағидат еткен. «Ысырап – ырыстың жауы» деп бекер айтпаған, әрбір ысырап етілген дүние маңдай термен келген еңбектің қадірін кетіріп, берекенің азаюына себеп болады. Сондықтан ата-бабамыз обал мен сауап ұғымын ұрпақ санасына терең сіңіріп, әрбір істің бөлшегін, әрбір қадамның жауапкершілік бағасын үйреткен, – дей келе елді мекендерде отбасы құндылықтарын дәріптеп жүрген Гүлнара Акимжанова, Күлашхан Әлдібаева, Ғалия Сатаева, Бақытгүл Оқасова, Әсем Жұмабековаларға аудан әкімі орынбасарының Алғыс хаттарын табыс етті.
Шара соңы концерттік бағдарламамен түйінделіп, Кеген ауылының З.Нұрқаділов атындағы Өнер мектебінің оқушылары күй жарыстырды. «Белсенді ұзақ өмір орталығының» «Әжелер» ансамблі «Ақтамақ» әнін орындаса, орталықтың қызмет алушысы Роза Шымырбаева «Ауылым – әнім» әнін құйқылжыта шырқады.
Осылайша, ысырапшылдықтың адам өміріне, қоғамға, тіпті болашақ ұрпаққа тигізетін кері әсері кеңінен сөз болған «Ысырапшылдық ырысты азайтады» атты тәрбиелік мәні зор шара өз мәресіне жетті.
Ысырап – тек материалдық дүниені орынсыз жұмсау ғана емес, ол уақытты, еңбекті, табиғи ресурстарды қадірлемеу. Ал үнемшілдік пен қанағатшылдық – әр адамның бойында болуы тиіс асыл қасиеттердің бірі.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы



