⛅
13°C
Қонаев
Бейсенбі, Сәуір 9, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    ЖАМБЫЛ МЕН ҚҰЛМАМБЕТ

    айтысының беймәлім тұстары

    09.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    ЖАМБЫЛ МЕН ҚҰЛМАМБЕТ
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Қазақ халқының ақындық өнерінде Жамбыл бабамыздың орны айрықша екенін тарих əлдеқашан дəлелдеген. Сондықтан ұлы ақын «ХХ ғасырдың гомері», «Халық поэзиясының феномені» атанды. Жалпы, Жамбыл ақын туралы мақала жазбаған əдебиетші, журналист кемде-кем. Соған қарамастан жыр алыбының асыл мұрасы толық зерттелді деп айта алмаймыз. Жамбыл шығармасынан ақындық құдіретін, мектебін терең зерттеген ғалымдар қатары көп. Олар ақынның алдында өмір сүрген ақын-жазушыларды, шешендерді, күйші өнерпаздармен кездесіп, көкірегі хат зерделі қариялардан құнды дүниелерді жинақтады. Көбіне аса құнды дүниелерді ақынның шəкірті, айнымас серігі Кенен Əзірбаевтан алғаны белгілі. Ал бүгінгі мақалада жыр алыбының халыққа таныс жырының бір қыры, белгісіз беттері жайлы айтуды мақсат еттім.

    Адам өмірі соңынан қалдыр­­ған жақсы ісімен өлшенеді. Халықара­лық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, журналист, марқұм Базарбек Атшабаровтың рухани салаға қосқан үлесі зор. Саналы ғұмырында респуб­ликалық «Лениншіл жас», Алматы облыс­тық «Жетісу», Жамбыл аудан­дық «Атамекен» («Екпінді еңбек») газет­терінде журналист болып еңбек етті. Кезінде ұлы Жамбыл бабамыздың мұражайын­да да ғылыми қызметкер болғаны бар. Сол кездері ақиық ақындар – Сүйінбай мен Жамбылдың бай мұрасына байланысты зерттеулерін аз-кем болса да оқырманға ұсынды. Марқұм өмірден өткен соң журналистің соңында қалған рухани мұрасын жинақтаған қызы Салидат жылдық асында кітап шығарып, құрастыруды өтінді. Сарғайған газет қиындыларын сұрыптап, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында жарық көрген мақала­лары мен қолжазбаларын оқып, кем-кетігін жөндеуге тура келді. Десек те, марқұмның ақын бабамыз, жалпы ел жайлы тірнектеп жиғандарына риза болдым. «Өмірде өзіндік ізі бар» деген кітап осылайша естелік ретінде оқырманға жол тартты.
    Əрине, бұған барша ағайын-туыс, марқұмды білетіндер риза болды. Кітапты «Естеліктер», «Сөз зергері Сүйінбай», «Жыр алыбы – Жамбыл», «Көңілде қалған бейнелер» деген тарауларға бөлдім. Базарбек аға мұражайдағы сақталған бай мұраны сол кезде зеректікпен зерделегенін байқадым. Кітаптағы «Сүйінбай ақынның жаңа табылған өлеңдері», «Сұраншы батыр жырының шығу тарихы», «Екі елдің Алатаудай ақыны», тағы басқа ақиық ақын шығарма­лары – бүгінгі ұрпаққа таптырмас олжа. Ал Жамбыл бабамыз жайлы «Жыр алыбының жарияланбаған жырлары», «Жамбылдың жол серігі», «Ленинградтық өрендерім», «Жамбыл мен Сəке болыс», «Жамбыл жырлаған «Көрұғлы» дастаны», «Жамбыл мен Құлмамбет айтысының белгісіз беттері» тағы басқа дүниелерін оқығанда бабалар алдындағы борыш пен өз мамандығына деген адалдығына тағы бір көз жетті.
    – Боран болып тұрады белдің үсті,
    Тəкаппар, қарағанға тағы сұсты.
    Жазуменен күн кештің ел тарихын,
    Жазуменен өткіздің жаз бен қысты, – деген жыр жолдарын арнай отырып, ағаның «Жамбыл мен Құлмамбет айтысының белгісіз беттері» мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім. Өйткені бұл айтыс – алты Алаштың бірлігін, ынтымағын паш еткен ерекше дүние. Қаламгер ойын былайша тарқатады.
    «Жамбыл мен Құлмамбет айтысы жайлы əртүрлі ұшқары пікірлер айтылып жүр. Жамбылдың 1946 жылы шыққан академиялық жинағында Құлмамбетпен айтысын 1881 жылы болды делінген. Ол – Жамбылдың ақындық аты ел арасына кеңінен тарала қоймаған кез. Ал ұстазы, ақиық ақын Сүйінбайдың кемеліне келіп, қырандай түлеп тұрған шағы. Айтыста Құлмамбет Жамбылға былай деген:
    – Сүйінбай сенің де ағаң, менің де
    ағам,
    Меніменен айтыссаң, кетер бағаң.
    Мұндағы Құлмамбет түгіл, үш жүзге аты мəлім Түбек ақын Сүйінбаймен айтысамын деп келе жатып, жол-жөнекей «Жаман түс көрдім, Сүйінбай­мен айтыспаймын», – деп орта жолдан қайтқан дейді. Негізінде Жамбыл мен Құлмамбет айтысы 1897 жылы Сүйінбайдың ауырып жатқан кезінде болған. Айтыстың қайда өткені туралы пікірталас та бар. Жамбылдың туғанына 100 жыл толуына орай Қазақ ССР Ғылым академиясы басып шығарған Жамбылдың толық жинағында Құлмамбет пен Жамбылдың айтысы 1881 жылы жазда Іле өзені бойында өткені туралы жазылған. Ал кейбір зерттеушілер Албан елінде жайлау үстінде үлкен шілдехана той болып, оған Жамбыл барып, айтыс сол жерде өткен дейді. Тарихи деректерге сүйенсек, осы тойға Шапыраштының тізгінін ұстаған Құтық Сейіттің Құдайбергені де барыпты деген де сөз бар. Ол шынжыр балақ шұбар төстің нағыз өзі болған. Осындай белді де беделді, ел тізгінін ұстаған, ел билейтін дəрежесі бар адамның келін түсірген немесе шілдехана тойына баруы неғайбыл. Негізінде сол елде не атақты адамның асы немесе үлкен бір жиын той болуы мүмкін. Ал кішігірім той-томалаққа атақты адамдар бара қоймаған. Базарбек Атшабаров кезінде Жамбыл мұражайында қызмет еткенін айтып өттім. Сол тұста ақынның шығармашылығымен жан-жақты танысуына мүмкіндік болған.
    – Жамбыл мен Құлмамбет айтысы жайлы 1971 жылы Қырғызстан өлкесін аралап жүріп мынадай əңгіме естідім, – дейді аға. Жамбылдың туғанына 125 жыл толуы қарсаңында Қазақ ССР Мəдениет министрлігінің тапсырмасы бойынша ақын турылы естеліктер мен өлеңдерін жинау мақсатында көршілес Қырғыз еліне іссапармен барған едім. Алатаудың күнгейі қырғыз елі болса, теріскейіне қазақ ауылдары қоныстанған. Сондықтан да Жамбыл бабамыз бауырлас қырғыз ауылдарын жиі аралаған. Ақын Қырғыздың Тоқтағұлынан бастап, Тоғалақ молда, Халық Акиев, Қуанышбек Маликов, тағы басқа ақындарымен сырлас, пікірлес болды. Қырғыз күйшісі Мұратəлімен Ыстықкөлде күй тарты­сып, бір күйден ғана жеңілген екен.
    Жамбыл дүниеден озғанға дейін өзі аралаған Қырғыз елін, ондағы белгілі адамдарын зор ықыласпен есіне алып, əрдайым туыс-бауыр тұтқан. Қырғыз Қарабұлағындағы «Бейшеке» ұжымшарының бастығы, Ленин орденді Əшекей Боранбаев пен Кебекбай қартқа жолығып, əңгімелерін тыңдаған. Бұл жайлы жазғандары кезінде баспасөз бетінде жарық көріпті. Қарабұлақ маңындағы Жамбыл облысы Қордай ауданы «Алмалы» кеңшарында тұратын Белғожы Қыпшақбаев Жамбыл мен Құлмамбет айтысы қандай жағдайда болғанын қызықты етіп айтып береді. Ол əңгімесін былай бастады:
    – 1923 жылы Қарақыстақтан Ұзынағаш базарына бармақ болып, Қызылқамшы ішіндегі Доспанбет, Исабек деген нағашыларымның үйіне атбасын бұрдым. Күз айы болатын. Күн екіндіге таяған кезде, астында ақ боз аты, үстінде жұқа түйе жүн шекпені, басында қара бұйра бөркі бар Жамбыл ақын келді. Бұрында бала кезімде еміс-еміс көргенім болмаса, өлеңін естімеген едім. Мен барған ауылдан Ералышан деген қария Жамбылдың замандасы амандық-саулықтан соң:
    – Үйге қонып, қонақ бол. Мал сойылып, тамақ асқалы жатырмыз. Жырыңды естіп көңіліміз көтерілсін. Бір жылдың төлі емеспіз бе? – деп ақынға жата жабысады.
    – Мына Айқым ішіндегі Көнтекте аздаған шаруам бар еді, соны бітіріп қайтайын. Жолымнан қалдырма, – деп ақын атынан түспейтінін білдірсе керек. Сол кезде Екей ішіндегі Байсалбайлар: «Түсіңіз, қонақ болыңыз» деп қолқалайды. Ақыры көптің тілегімен ақын Жамбыл нағашыларымның ауылына қонады. Намазшамда шай ішіп, ас қайырған соң, қалақтай қоңыр домбырасын қолына алып, күйін келтіріп, «әу» дегенде ақын дауысы аспан көгіндегі қырандай «саңқ» ете түседі. Содан барып «Е, ағайын, не айт дейсіңдер», – деп екі иығын қомдайды, сосын жырын төгілтеді.
    – Айтқаныма құлақ сал,
    Шабыстан Жамбыл тана ма?
    Мынау тұрған ағайын,
    Көрғұлыны айтсам бола ма?
    Манасты айтсам көпшілік
    Көкейіңе қона ма?
    Өтеген мен Сұраншы,
    Оны да айтса бола ма?
    Айқымдағы Көнтекке,
    Бармақшы едім қонаға.
    Сүйінбай мен Қатаған
    Айтыстың асқан пірі еді.
    Сұлу сөздің сыры еді,
    Қатаған қырғыз бұрында,
    Бес жүз жылқы матаған.
    Қызыл жебе Сүйінбай,
    Ер болып туды атадан.
    Ағайын қыстап қоймадың
    Кім қашқан берген батадан, – деп бір қайырып, алдындағы сусынды бір- екі ұрттап алады. Тағы да ақынның құрдастары Байсалбай, Ералышандар:
    – Сен Құлмамбетті жеңдім дейсің, қалай жеңдің соны айтып берші, – деп қолқалайды. Жəкең аз толғанып отырады да:
    – Ой-бой, оны мен жеңгенім жоқ, атамыз Қарасай мен ақиық ақын Сүйінбайдың аруағы жеңдірген.
    Əйтпесе, ол Құлмамбеттің аузымен құс тістеп, қырғи алып, шүйлігіп тұрған кезі. Болмаса үш дуан бас қосқан сол топта он бір ақынды жеңіп, домбырасын керегеге байлап қоя ма? Сол жолы үлкен жиынға Үйсіннен – Жалайыр, Албан, Суан, Дулат, Шапырашты, былайша айтқанда, Үйсіннің барлық рулары жиналды. Ар жағынан Найман мен Садыр Матай да келді. Тумысымда мұндай ұлан-асыр үлкен жиын, үлкен топты көргенім жоқ.
    «Құлмамбет он бір ақынды жеңіпті» деген соң мені шақыртар деп бір кедей шаруаның үйіне қашып барып, сонда өлең айтып отырғанымда екі жасауыл келіп алдына салып айдап əкелді. Он екі қанат қазақ үйде Албан, Шапырашты, тағы басқа рудың игі жақсылары толып отыр. Төрде шүйдесі шоқпардай Құтық Сейіттің Құдайбергені маған адырая қарады. Ол: «Жамбылды табыңдар, таздан басқа ақын құрып қалып па? Сүйінбайдың інісі Жамбыл қайда?» деген. Ояздан сəл төмен күшігендей көзін сүзіп Құлмамбет бабына келіп, шүйлігіп отыр. Босағаны аттағаннан-ақ, жер-жебіріме жетіп, қайдағы-жайдағысын қозғап, өлеңнің дауылын боратты. Шапыраштыдан оның ішінде Екейден түк қалдырған жоқ. Өзімді де, руымды да оңдырмады. Сонда Құлмамбеттің айтқаны «Екейді ер дейміз бе, бел дейміз бе, Көтеремді көктемде жемдейміз бе? Жалаң аяқ жарлыны ерттеп мініп, Қой соңына салып бір желмейміз бе?» деп іркілді. Сөзге шешен, жырға жорға Құлмамбет одан әрі:
    – Екейді тозып жүрген ел дейміз бе,
    Қаптаған жердің жүзін сел
    дейміз бе?
    Пұл таппай қаңғып жүрген
    қу кедейді,
    Терекке асып, тірсегінен ілмейміз бе?
    Қызықты уа халайық көрмейміз бе,
    Жыртық тонды Жамбылдан
    жеңілген соң,
    Тамам, Албан ұяттан өлмейміз бе?
    Ақын деп бір тулақты алып кепті,
    Албан, Суан ортаға алып көрмейміз бе? – деп дуылдатып, борандатты-ай! Сонда тізем қалтырап, алғашында не айтқанымды білмей қатты састым. Өйткені, Албан аға болғанда Дулат, Шапырашты іні емес пе? Бұрын-соңды ағайын арасында мұндай айтыс болып көрген жоқ. Сүйінбай болса, қырғыз Қатағанмен айтысты. Осыны ойлап аузыма сөз түспей, сәл кідірдім. Сонда төрдегі Құдайберген жанында отырған ағайындыларына сыбырлап, «Жамбылға айтыңдар, Албан ағайыным деп аянбасын, Құлмамбеттің түбі –Уақ. Албанға сіңбе», деген екен. Осы сөзді құлағым шалған соң мен де «қарасайлап», ұрандап, аруақ шақырып бір бүйірден кірістім:
    – Құлмамбет заманыңда болдың
    құлан,
    Аузыңда Алла, кəпірім қолда Құран.
    Арқадан кісі өлтіріп қаңғып келіп,
    Албанға дінін сатқан сен бір жылан.
    Шаласың ақиланып бір қиядан,
    Мерт боларыңды білмейсің қапиядан.
    Түбің жоқ Арғын да емес, Албан да
    емес,
    Құдайым сақтай көрсін сұрқиядан.
    Оңа ма елін сатқан, жерін сатқан,
    Саудагер сарт емес пе, ең əуел
    бастан.
    Аруаққа тіл тигізбе жүзі қара,
    Арғы атам ер Қарасай жауға шапқан, – деп мен оның арғы түбінің шикі, өзінің Албанға сіңбе екенін бетіне аямай бастым. Бәріміз түбі бір қазақ болғанымызбен, бұл додада жеңіске жету, қарсыласының сағын сындырудың тәсілі ғой. Сол жолы Ұлықтарға арқа сүйеген Құлмамбет менің жер-жебіріме жете түсті:
    Кездестің Құдай айдап мешін жылы,
    Ақын деп алып келген несін мұны?
    Болғанда мен арыстан, сен бір
    тышқан,
    Арыстанның бола ма, тышқан құрлы.
    Жамбыл-ау, қобыз шалған жын емес
    пе ең,
    Кезінде Қоқандардың құлы емес пе
    ең?
    Жүрген мықтылардың атын байлап,
    Қапияда қаларсың бұл егестен.
    Рас сенің Сұраншың батыр болған,
    Оқ тиіп, шейіт болды тақыр қолдан.
    Сарыбайың Сайранда қашып кетіп,
    Талай ел соңынан ерген опат болған.
    Ешкінің көң тулағын киген Жамбыл,
    Жын қуып, қобыз шалып жүрген
    Жамбыл.
    Тең келе ме, жапалақ ақ сұңқарға,
    Көтерілді бұл жерде іргең Жамбыл.
    Жамбыл қашан батыр болып
    сауыт кидің,
    Ұран салып қашан сен жауға тидің.
    Қызып тұрған темірге қарылам деп,
    Сексеуілдің отындай босқа күйдің.
    Жұртта қалған Екей ең,
    Есқожа саған ес болды.
    Тыраштанба Жамбылым,
    Енді саған кеш болды.
    Бадана сауыт киіп пе ең,
    Ұрандап жауға тиіп пе ең?
    Сұраншы Саурық болмаса,
    Құл болып кетіп қоқанға,
    Өртеніп едің күйіктен.
    Қу домбыра өңгеріп,
    Қобыз шалып сенделіп,
    Шолақ етек, қу Екей,
    Айтыспақшы боласың,
    Өзіңе мені тең көріп.
    Елу бақсы Екейде,
    Алпыс ақын тағы бар.
    Кешке жақын болғанда,
    Жын қуғандай қағынар,
    Диуана бақсы сен едің,
    Қай Үйсінмен тең едің?
    Қоңыз теріп жеп едің,
    Осы топқа тағы да
    Тиын-тебен табуға,
    Алатаудан кеп едің.
    Лақ текедей бақыртып,
    Пірлеріңді шақыртып
    Қайтсем де сені жеңемін, – деп Құлмамбет оңды-солды сапырып, өтіріктен бопсалағанда отырған ағайындар «Енді Жамбыл не сөз тауып айтады?», – деп бəрі де жер шұқып, бастарын көтере алмайды. Сонда тұла бойыма ерекше күш-қуат, ерік-жігер құйылып, тіліме отты жырдың дауылы келгендей, сөз түйдектеліп келе берді:
    Кедейсің деп Екейге жаптың жала,
    Түк таппасаң Іленің құмын сана.
    Суға батып, тал қармап жүргеніңде,
    Байқұс тазым Арқадан ауып келдің,
    Мияттап Албанымды тауып келдің,
    Албан менен Суанды жаудан қорғап,
    «Қарасайлап», Қалмаққа шауып па
    едің?!
    Тағы да таз Құлмамбет ауып келдің
    Төбеттей өз ағаңды қауып келдің,
    Кісі өлтірген қарақшы, жүзі қара
    Ойраңдап ошағыңды шауып келдің.
    Сөз дегенің Іледей су болды ма?
    Сорпасы ағайыншылық бу болды ма?
    Құлмамбет ақиланып ақырасың,
    Сен өзің кірме емес пе ең, Құлболдыға.
    Замана түлкі мінез сұм болды ма?
    Құлмамбет ақын емес, жын болды
    ма?
    Деуші еді Құлмамбеттің түбі Уақ
    Халайық мұның өзі шын болды ма?
    Жоңғарлар зар жылатып елді
    шапқан,
    Сондықтан қалың қазақ қанға
    батқан.
    Айқасқан жау қалмақпен Қарасайым,
    Келгенше бізге көмек Арқа жақтан.
    Табынасың қу тазым ұлықтарға,
    Елдің қамын ойлайтын ұлық бар ма?
    Албан ата итаяғын жалаған таз,
    Басасың не түрлі бір сұмдықтарға, – деп Құлмамбеттің кім екенін тағы да қауым алдына əшкереледім деген. (Ескерте кететін бір жайт, мына айтылған өлеңдер еш жер­де жарияланбаған. Жамбыл мен Құлмамбеттің бұрынғы айтыстарында да жоқ. Жинақтарына да кірмеген). Осы айтысқа екі елдің билеушілері мен ұлықтары 500 сом бəйге тіккен. Ол кезде жылқы құны 10-15 сомнан аспайтын. Сонда ақын: «Құлмамбетті мен жеңуін жеңдім, ақшаны жуандар жеді», – деген.
    Айтыс – бұл өнер. Сөз, жыр сайысында ақындар қалайда намысты қолдан бермеуді алға қояды. Араларында қастық, қиястық болмаса да сөзден ұтылмауға тырысады. Бұл айтыс – соның бір көрінісі. Осы айтыстан соң, бір жылдан кейін Құлмамбет мені ертіп қырғыз Шабдан ауылына барды. Сонда оның ақындығын, көзсіз өнерін тағы бір көрдім, – деп Жамбыл тәтем қой қоралағаннан ертеңгі бозторғай шырылдағанша Құлмамбетпен айтысын осылай төгілте айтты. Ал, Жамбыл жинақтарында оның Құлмамбетпен айтысын небəрі бірер сағаттың ішінде оқып шығасың. Əттең, Жамбылдың айтысын өз аузынан жазып алған адам болса, бұл айтыс кітаптағыдан əлдеқайда қызық, өткір əрі тамаша болар еді деген ойға қаласың. Өйткені, ақын ата «Құлмамбетті жеңіп едім» деп асып-тасып отырған жоқ. Оны жеңгізген ұстазы Сүйінбайдың айтыста сөздің иесі мен киесін бағалап, нені айтып, неге көңіл бөлу қажеттігін, өсиетін есіне алғаны, бұл да бабамыздың үлкенге, ұстазға деген, сөз өнеріне деген құрметі.
    Ертеңіне ұлы Жамбыл Айқым ауылына бару үшін ақ боз атына мініп, аттанып кетеді. Содан бері көп жыл өтсе де, Жамбыл мен Құлмамбет айтысын тыңдаған түн есімнен кетпейді. Бəрі күні кеше болып өткендей, – деп, Белғожа қария əңгімесін аяқтайды.
    Жамбыл мен Құлмамбет айтысы 1896-1897 жылдары болды дейтініміз – Құлмамбеттің Жамбылға айтқанында «мешін жылы» деген сөз бар. Жыл санаудың тарихын ақтарсақ, мешін жылы 1897 жылдың наурызынан бастап кіреді. Негізінде айтыс сол жылы ел жайлауға шығар мезгілде болған», – деп ағамыз біз үшін өте құнды деректі айтып кетті.
    Осылайша ақын бабамыздың шығармасын зерттеп, оны қағазға түсірген журналист еңбегі өлшеусіз. Базарбек ағаның қаламы ұшқыр, ой өрісі кең еді. Ол кісі ел аралап, аңыз, әңгіме, естеліктерді жинақтап жүретін. Бір өкініштісі – осыны өткен шақпен жазып отырғаным. Өмірінің соңғы кезеңінде «Әлі де жазарым бар еді, уақытты өткізіп алдым» дегенді жиі айтатын. Десе де, бір кітапқа жүк боларлық соңында қалдырған құнды дүниелерін оқыған жас ұрпақ рухани лəззат алатыны анық. Ақын інісі, марқұм Есенқұл Жақыпбектің:
    – Жазғанда танылса да өткірлігі,
    Тірлікте өзгелердей жоқ бір қыры.
    Жұрт үшін журналистер даныш­пандай,
    Өзі үшін ол тек қана көптің бірі, – деген жыр жолдары Базарбек ағаға да қатысты. Ұлы Жамбыл бабамыздың 180 жылдығына орай тың дүниені əдейі оқырман назарына ұсынып, жыр дүлдүлі Жамбыл ақынның айтыстағы сөз өткірлігін паш етуді мақсат еттім. Туған халқының салт-дәстүрін, бірлігі мен ынтымағын тынбай жырлаған шайыр Жамбылдың жырлары, оның есімін ерекше ұлықтаған Базарбек ағаның мол мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жете берері сөзсіз.

    Күмісжан БАЙЖАН,
    жазушы,
    Алматы облысының Құрметті азаматы

    Соңғы жаңалықтар

    Қазақстан мен өңірдегі 150-ден астам ұйымның топ-менеджерлері Stanford University HAI профессорлары мен OpenAI Academy сарапшыларынан ЖИ бойынша білім алады
    09.04.2026
    КӨНЕНІҢ КӨЗІ – КӨРІК
    09.04.2026
    ЖАМБЫЛ МЕН ҚҰЛМАМБЕТ
    09.04.2026
    Әскери әдеп әспеттелді
    08.04.2026
    Көпшілік тыңдау өтті
    08.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>