Балқаш аудандық Мәдениет үйінде «Жазғы демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігін сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында жиын өтті. Басқосуға Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Данияр Нұрманов, аудан прокурорының орынбасары Сәкен Кеңесов, полиция бөлімі бастығының орынбасары Бауыржан Амангелдіұлы, төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Бағдат Ахантай, мекеме-ұйым қызметкерлері мен ата-аналар қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған аудан прокурорының орынбасары Сәкен Кеңесов жазғы демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігіне тоқталды.
– Алдағы уақытта күн ысып, суға шомылу маусымы басталады. Осы кезеңде оқушылар көлге жиі барады. Біздің өңірдегі су айдыны өте қауіпті. Сондықтан оқушылар көлге үлкендердің қадағалауынсыз бармауы тиіс. Сондай-ақ рұқсат етілмеген немесе терең жерлерде шомылуға болмайтынын үнемі назарда ұстаған жөн, – деді ол.
Одан кейін мінбеге көтерілген Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Данияр Болатұлы, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Бауыржан Амангелдіұлы жазғы демалыс кезінде ата-аналар көңіл бөлуі қажет бірқатар мәселені алға тартты. Біріншіден, балалардың қайда және кіммен жүретінін қатаң бақылауда ұстау, әсіресе кешкітұрым және түнгі уақытта үйде болуын қадағалау, екіншіден, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, яғни спорттық секциялар мен үйірмелерге барып, қоғамдық жұмыспен айналысуға мүмкіндік жасау, үшіншіден, баламен ашық сөйлесіп, оның ойы мен пікірін тыңдап, сенімді қарым-қатынас орнату қажет екенін айтты. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Бағдат Ахантай да жазғы демалыс кезінде ата-аналардың оқушылар қауіпсіздігіне ерекше мән беруі қажет екенін тілге тиек етті.
Қорыта келгенде, балалардың қауіпсіздігі толықтай ата-ананың жауапкершілігінде болатыны ескертілді. Сондай-ақ басқосуда балалардың түнгі уақытта бей-берекет жүруіне жол бермеу сияқты өзекті мәселе де талқыланды.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы



