Перейти к содержимому
Главная страница » Боздақтар ерлігі мәңгі ұмытылмайды

Боздақтар ерлігі мәңгі ұмытылмайды

Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай облыс орталығындағы «Ардагерлер саябағында» орналасқан Даңқ мемориалы жанында жарқын болашақ үшін жанын пида еткен боздақтарды еске алуға арналған жиын өтті. . Мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің ерлігін ұлықтау, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен тарихи жадыны қалыптастыру. 

Майдан даласында шейіт болып, жат жердің топырағы бұйырған боздақтар бір минут үнсіздікпен еске алынған соң, жиналған қауымды мерекемен құттықтаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Екінші дүниежүзілік соңысқа қатысып, ьүгінде арамызда қалған санаулы қарт жауынгерлерге құрмет көрсету баршамыздың қасиетті борышымыз екенін айтты.

– Соғыс жылдары елімізден 1 миллион 366 мың жауынгер майданға

аттанды. Оның 120 мыңнан астамы Алматы өңірінен болды. Майдан

шебінен мыңдаған боздақ қайтып оралмады. Алматы өңірінен аттанып,

соғыста ерен ерлігімен танылған 40 жауынгерге Кеңес одағының

Батыры атағы берілді. Бұл – халқымыздың Отан үшін жанын аямай, ерлік пен батырлықтың өшпес үлгісін көрсеткенінің айқын дәлелі.

Алматы облысы әкімдігі тарапынан жыл сайын әлеуметтік, материалдық және моральдық қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Биыл да қалыптасқан дәстүр бойынша Алматы облысынан Отан соғысына қатысқан 4

ардагерге 5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілді.

Жеңіске жету жолында тыл еңбеккерлерінің де қосқан үлесі

зор болды. Соғыс жылдары ауыр еңбек пен зор жауапкершілікті

мойындарына алып, майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен және

қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін күн-түн демей еңбек

етті. Олардың қажырлы еңбегі Жеңісті жақындатқан маңызды күштердің

біріне айналды.

Бүгінде облысымызда 2 038 тыл ардагері бар. Әрқайсының өмір

жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге, ал жанқиярлық еңбегі ел жадында мәңгі

сақталады, – деді облыс әкімі.

 

Содан соң облыс әкімі, облыстық мәслихат төрағасы, ардагерлер ұйымының төрағасы, Қонаев қаласының әкімі, құқық қорғау органдары, әскери бөлім, департаменттер мен басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, тыл және еңбек ардагерлері, Ауған соғысының, қатысушылары, облыс пен қаланың Құрметті азаматтары, мекеме-кәсіпорын басшылары,жаствр «Мәңгілік алауға» гүл себеттерін қойып, боздақтар рухына тағызым жасады.

Мерекелік шара одан әрі Бердібек Соқпақбаев атындағы орталық саябақта жалғасты. Концерттік бағдарламада әскери-патриоттық әндер шырқалып, мәдениет және өнер ұжымдарының қойылымдары көрермендер назарына ұсынылды. Сонымен қатар жастардың патриоттық акциялары ұйымдастырылды. Сондай-ақ қала әкімі тыл еңбеккерлерінің үйіне барып, мерекемен құттықтады.

Айжарық Көптілеуов