Қарасай ауданында Ұлы Жеңіс күні ұлықталып, ерлік ісімен қаза тапқан батырларға құрмет көрсетілді. Айтулы күннің басқосуы Қаскелең қаласының орталық алаңында басқосумен басталды.
Мерекелік шараға аудан әкімі Жасұлан Естенов, құқық қорғау органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, бірқатар мекеменің басшылары, Ауған соғысының, «Таулы Қарабақ» қақтығысының ардагерлері және Чернобыль апатына қатысқан азаматтар қатысты.
Жиналған көпшілік алдымен бір минут үнсіздікпен боздақтарды еске алды. Одан кейін Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов сөз сөйлеп, бейбіт күн үшін арпалысқан жауынгерлердің ерліктеріне тоқталды. Сондай-ақ қан майданда батырлардың жанкештілігі әрдайым жадымызда сақталатынын және қайсарлықтарына құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың борышын екенін жеткізді.
Аудан басшысының сөзінен кейін Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған мәңгілік алау маңына гүл шоқтары қойылып, Қарасай жерінен аттанған батырлардың рухына тағзым етілді.
Ал мерекелік шараның ұлықталуы «Ерлік даңқы ешқашан өшпейді» деген атаумен аудандық Мәдениет үйінің алаңында жалғасты. Мұнда ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі және ретро көліктерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы бұл шараға да арнайы қатысып, әсіресе, Кеңес заманындағы автокөліктерге ерекше мән беріп, әрбірінің тарихымен танысты. Одан кейін аудан басшысы тұрғындарды Жеңіс күнімен құттықтап, Қарасай жерінен соғысқа 8 мыңдай азаматтың аттанғанын айтып, олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
Ал шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық, рухты әндер шырқалды. Сондай-ақ соғыс күніне куәгер балалардың көріністері қойылып, майдан даласынан сыр шертілді.
Қуат Қайранбаев




