9 мамыр – Жеңіс күні Кеген ауылында орналасқан Ұлы Отан Соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіштен басталды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, мекеме басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар мен аудан тұрғындары қатысты.
Тағзым ету шарасында аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов және ҰОС-на қатысқан батырлардың ұрпақтары ескерткішке гүл шоқтарын шоқтарын қойып, жауынгерлердің ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков аудан тұрғындарын Ұлы Жеңістің 81 жылдығымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
-Бұл мереке-соңғы демі қалғанша күрескен қайсар рухтың, жанқиярлық ерліктің, ел мен жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Кереге таулы Кеген өңірінен 7 мыңға жуық азамат Отанын қорғауға аттанды. Қара жұмыстың қайнаған ортасында жүріп, ерлермен иық тірестірген аналарымызбен қыз-келіншектердің ерен еңбегі-мәңгілік тағзымға лайық. Біз қаһарман бабаларымыздың рухы алдында бас иіп, олардың өшпес ерлігін әрдайым ұлықтай береміз,- деді құттықтау сөзінде Кеңес Күнесбайұлы.
Кеген ауылдық округінің әкімі Ернат Ысқақ, Ұлы Отан Соғысына қатысқан бабаларымыздың ұрпақтары атынан Эльмира Оразшақызы сөз сөйлеп, ауданның найб имамы Нұрбол Артықов Отан үшін от кешкен боздақтардың рухына арнап құран бағыштады.
Мұнан кейін қонақтар Кеген ауылының кіреберіс аумағында орналасқан Ана ескерткіші алаңына бет алды. Жиналған қауым Ана ескерткішіне гүл дестелерін қойып, Ана рухына тағзым етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнеевалар сөз алып, Аналар ерлігін, Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталуына қазақтың қайсар ұлдары өлшеусіз үлес қосқанын, ерлікпен қаза тапқан батырлар мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегінің арқасында жас ұрпақ алаңсыз өмір сүріп жатқандығын айтты.
Айта кетейік, бұл ескерткіш II дүниежүзілік соғыста баласынан айырылған Анаға қойылған. Кеген ауылының кіреберісіне орнатылған биіктігі 4 метрлік ескерткіште батысқа көз тастап телмірген Ананың бейнесі сомдалған.
Майдандағы жеңіске тыл ардагерлерінің де қосқан үлесі орасан зор. Сондықтан да оларға көрсетілетін құрмет соғыс ардагерлерінен де кем болмауы тиіс.
Алдымен аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Мейманқұлов бастап, Тыл ардагерлеріне арналған ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Кейін Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелер, жастар мен аудан тұрғындары да қатысып, гүл шоғын қойып, бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетті.
Сондай-ақ бұл күні аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, Кеген ауылының әкімі Ернат Ысқақ, Ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Қалқаев, Кеген, Райымбек аудандарының біріктірілген Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Жумаканов Алибек Серікқалиұлы, әкімшілік маманы Айдын Сұлтандар Соғыс ардагері Нұрмұханбет Бегімбетовтың жұбайы 80 жастағы Тәшбүбі Дәуенованың, тыл ардагерлері 90 жастағы Рысхан Ералиева, 89 жастағы Какиман Иманқұлованың шаңырағына барып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Майданда және тылда еңбек еткендерге ризашылығын білдіріп, олардың ерлігі мен еңбегін жоғары бағалады. Тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіп, түрлі-түсті тропикалық жеміс себеттерін ұсынды. Тыл ардагерлеріде өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, елімізге деген ақ баталарын берді.
Бұл шаралар- ұрпаққа өнеге болар тағылымды тәрбие, ерлікті ұлықтау. Елім деп еңсесін тіктеген ерлердің рухына тағзым ету-бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Жеңіс күні-адалдық пен батырлықтың, елге деген сүйіспеншіліктің жарқын символы.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




