Баршаға мәлім, Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанады. Еліміз қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруға ерекше үлес қосады. Бейбітсүйгіш мемлекет ретінде көптеген бастамаға мұрындық болды. Ұлттық мүддені қорғай отырып, сыртқы саяси және экономикалық басымдықтарды ілгерілетуге басты назар аударылады. Қазақстанды бейбітсүйгіш ел ретінде әлемге танытқан жұмыстың іргетасы қаланды, еліміз сыртқы саясатты сындарлы әрі белсенді жүзеге асырып келеді деп айтуға толық негіз бар.
Жалпы, еліміз соңғы жылдары аймақтық және халықаралық саясат үшін стратегиялық маңызы бар ел ретінде қарастырылуы кездейсоқ емес. Бұған Қазақстанның мұрындық болуымен өңірлік және жаһандық ойыншылар арасындағы жаңа дипломатиялық платформалар мен өзара іс-қимыл форматтарының құрылуы да, халықаралық ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің көптеген негізгі мәселелері бойынша еліміздің прагматикалық ұстанымы да ықпал етті. Осының барлығы аймақтық және жаһандық саясаттың көптеген субъектілері тарапынан Қазақстанды орта держава ретінде қарастыруына түрткі болды. Бұл, ең алдымен, біздің еліміздің халықаралық аренадағы өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарап, сындарлы позицияны ұстануға қабілеттілігін көрсетеді. Бұл туралы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықаралық аренада Қазақстан ең алдымен мемлекетіміздің айналасындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ұтымды, теңдестірілген сыртқы саясатты жүргізеді және жүргізетін болады. Бұл ел ішіндегі реформаларды жалғастыру үшін өте қажет», деген еді.Қазақстан әлемдік саясатқа интеграцияның жоғары дәрежесін көрсетіп отыр. Еліміз энергетика, көлік, сауда және цифрлық технологиялар салаларындағы ірі өңірлік жобаларға бастамашы болып отыр. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы ынтымақтастық және Еуразиялық экономикалық одаққа белсенді қатысу еліміздің жаһандық экономикалық байланыстарды нығайтуға бейілділігін растайды. Жасыл технологиялар мен экономиканы декарбонизациялау жөніндегі бағдарламаларды енгізу Қазақстанның халықаралық күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды. Еуропалық одақ және Таяу Шығыс елдерімен орнықты даму және энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды аспект болды.Қазақстан бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясат ұстануды жалғастырады. Ел Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті, орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда. БҰҰ, ДСҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың жаһандық бастамаларына қатысуды кеңейту, жетекші державалармен стратегиялық серіктестікті дамыту және экономикалық дипломатияны тереңдету елдің сыртқы саясатының негізгі басымдықтары болып қала береді.
Бағдат РАХИМОВ
«AMANAT» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалының төрғасы
