Перейти к содержимому

Маңызды шешім қабылданды

Сессия барысында облыстың өткен жылға арналған бюджетінің игерілуі, құрылыс және денсаулық салаларын дамыту жоспары, 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет шешіміне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, «Шелек» индустриялық аймағының инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылымын салу, Алматы облысының өңірлік нышанын бекіту және өзге де тақырыптар талқыланды.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақованың айтуын­ша, 2025 жылы облыс бюджетіне 954,1 млрд теңге кіріс түсіп, жоспар 99,2%-ға орындалған. Оның ішінде салық түсімдері 147,3 млрд теңгеге жетіп, жоспар 3,8 млрд теңгеге артығымен іске асты. Бірқатар инвестициялық жоба бойынша қаржыландыру тапшылығы бар екені де айтылды. Өңірде 42 инвестициялық жоба бойынша қаражат жеткіліксіздігі байқалуда. Басқарма басшысы апта сайын мониторинг жүргізілетінін, бюджеттік бағдарламалардың орын­далуы мен төлемдердің уақытылы жүзеге асырылуы бақылауда екенін жеткізді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Әбілқасымовтың айтуынша, былтыр бұл салаға 19,9 млрд теңге бөлініп, қаражат 99,9%-ға игерілген. «Өткен жылы денсаулық сақтау саласындағы бюджеттік бағдарламалар жоғары деңгейде орындалды. Мамандар біліктілігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілді. Ал биыл денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді. Алдағы маусым айында Нарынқол ауылында жаңа емхана пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда Ұйғыр және Қарасай аудандарындағы медициналық нысандарда күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ биыл 2,9 млрд теңге инвестицияға медициналық жабдықтар сатып алынады», – деді ол. Сессия барысында аса тапшы дәрілер бойынша бірнеше сауал қойылды. Ержан Әбілқасымұлының айтуынша, Денсаулық сақтау министр­лігінің бұйрығына кірмейтін дәрілер меценаттардың көмегімен сатып алынуда. Сонымен қатар ерекше қамқорлықты қажет ететін балалардың жай-күйі де талқыланды. Басқарма басшысы ерекше балалардың еміне осы жылы 58 млн қаражат бөлінгенін және медициналық қызмет сапасының жоғары екенін айтты.

Өңірде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары да сессия отырысының негізгі тақырыбы болды. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жасұлан Оңалбаевтың мәлімдеуінше, биыл жалпы қаражаты 79,9 млрд теңге болатын 75 нысанның құрылысы жоспарланған. «Өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтары мен кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 1700 тұрғын үй сатып алынды. Ал биылғы меже одан да жоғары. Жоспар бойынша, 1075,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Өткен 4 айдың қорытындысы бойынша бекітілген жоспар толығымен орындалды. Биыл жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 246 жалдамалы тұрғын үй сатып алуға 5,3 млрд теңге қарастырылған. Одан бөлек 2000 жалдамалы және 115 несиелік тұрғын үй халық игілігіне беріледі деп күтілуде», – деді басқарма басшысы.

Жиында «Шелек» индустриялық аймағының инженерлік-коммуника­циялық инфрақұрылымын салу жайы да басты назарға алынды. Жоба іске асырылғаннан кейін нысан мемлекет меншігіне қабылданып, әрі қарай «Алматы облысының индустриялық аймақтарды басқарушы компаниясы» ЖШС-ның басқаруына беріледі. Жоба аясында 11 инфрақұрылым нысанын салу көзделген. Бұл өнеркәсіп, құрылыс және шекара маңы саудасы салаларында шағын және орта кәсіпкерліктің жедел дамуына жағдай жасайды. Отандық және шетелдік инвесторларды, сондай-ақ өзге де қаржы көздерін тартуға жол ашады және бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік береді.

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жергілікті бюджетке 234,7 млрд теңге қаржы түсіп, кірістердің өсім қарқыны сақталған. Бұл туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз айтты. Қазіргі таңда бюджетке түсетін кірістерді 767 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр, ал қосымша қарастырылған қаржы көлемі 67,7 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау, жол, су, газ және тұрғын үй құрылысы сияқты негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларына жұмсалады.

Мәслихат сессиясының соңында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев көтерілген мәселелер бойынша қорытынды жасап, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды жаңғырту, сапалы білім және медици­налық қызметке қолжетімділікті арттыру облыс әкімдігінің басты назарында екенін айтты.

Гүлзат Байқонысова