Еңбекшіқазақ ауданындағы Рахат ауылында жергілікті тұрғындардың ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің жаңартудан кейінгі салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ел мен жердің азаттығы, ұрпақтың амандығы үшін сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан ерлердің асыл бейнесін мәңгілік ел жадында жаңғыртып тұрған ескерткіштің бірі Рахат ауылында Жеңіс көшесінде орналасқан. Бұл ескерткіш жарты ғасыр бұрын – Жеңістің 30 жылдығына арналып салынған. Ауыл тұрғындарының бастамасымен ескерткіш маңында нысанды қайта қалпына келтіріп, жаңарту жұмыстары осыдан бір ай бұрын басталды. Ескерткіш тақтасы жаңартылып, асыл ерлердің есімі тас тақтаға қайта қашалды. Ескерткіштің маңы абаттандырылып, гүл көшеттері мен ағаштар отырғызылды.
Нысанның ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, ақсақалдар мен жастар қатысты.
«Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес». Бұл сөз өткенге емес, болашаққа арналған. Бұл ескерткіш – қарапайым қара тас емес, бұл майданда ерлікпен қаза тапқан сарбаздардың, бала-шағасына оралмаған әкелердің, тылда аянбай еңбек еткен аналардың ардақты бейнесі. Олардың ерлігі бізге бейбіт күн сыйлады», – деген Рахат ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Руслан Қыдырғожаев ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Аталған ескерткіштің іргетасын қалаушы, Алматы облысының Құрметті азаматы – Тельман Жайлыбаев та сөз алып, ата-бабамыздың қанымен келген бейбітшілік белгісі туралы айтты.
Жаңарған ескерткіштің ашылу рәсімінен кейін ауыл тұрғындарының ұйымдастыруымен Рахат ауылдық мешітінде қан майданнан оралмаған боздақтарға құран бағыштап, ас берілді.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
