Almaty Horse and Polo Club ат спорты клубының базасында конкурдан Алматы облысының ашық чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы облысынан келген 50-ден астам спорттық жұп қатысты. Бұл жарыс жазғы маусымның маңызды бәсекелерінің бірі ғана емес, сонымен қатар күзде Астана қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысатын Алматы облысының құрама командасын іріктеудің шешуші кезеңіне айналды.
Конкур – ат спортының ең тартымды әрі көрермен қызыға тамашалайтын түрлерінің бірі. Бұл жай ғана кедергілерден өту емес, шабандоз бен аттың өзара үйлесімі мен сеніміне негізделген шынайы шеберлік өнері. Әрбір жарыс жолы жоғары дәлдікті, жылдамдықты, сабырлылықты және мінсіз дайындықты талап етеді. Себебі болмашы қателіктің өзі жеңіске жету мүмкіндігінен айыруы мүмкін. Сондықтан бұл спорттағы әрбір жетістік – ұзақ уақыттық тынымсыз еңбектің жемісі.
«Бүгінде Алматы облысында конкур спорты қарқынды дамып келеді. Спортшылардың саны артып, болашағынан зор үміт күттіретін жас шабандоздар өсіп келеді, жылқыларды даярлау сапасы да жақсарып келеді. Ең бастысы – біздің жарыстарымыз ашық форматта өтіп, еліміздің түрлі өңірлерінен мықты спортшыларды жинайды. Дәл осындай жоғары бәсекелестік спортшылардың шеберлігін шыңдайды. Бұл чемпионаттың маңызы ерекше, өйткені оның қорытындысы бойынша Қазақстан чемпионатында Алматы облысының намысын қорғайтын құрама жасақталады», – деді төрешілер алқасының мүшесі Дмитрий Тишков.
Жарыс барысында көрермендер 110, 120 және 130 сантиметрлік бағыттарда өткен тартысты бәсекенің куәсі болды. Әсіресе, биіктігі 130 сантиметр болатын басты бағыт ерекше қызығушылық тудырды. Күрделілігі жоғары маршрутта бақ сынаған үздік спортшылар өздерінің кәсіби шеберлігі мен жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жанкүйерлерге әсерлі сәттер сыйлады.
Көрермендердің ерекше назарын халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Нұрила Тұрысбекованың өнер көрсетуі аударды. Жас болғанына қарамастан, ол бүгінде еліміздің үздік конкур спортшыларының қатарында. Халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, Әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегері атанған спортшы бұл жолы да Кьюбель есімді тұлпарымен бірге 130 сантиметрлік басты бағытта еш мүлтіксіз өнер көрсетіп, чемпион атанды.

«Бүгін Кьюбель қашықтықты өте жақсы сезінді, өте мұқият болып, барлық кедергілерден сенімді өтті. Осындай жарыстар кәсіби тұрғыдан шыңдалуға, мол тәжірибе жинақтауға және Қазақстан чемпионатына сапалы дайындалуға үлкен мүмкіндік береді. Алда әлі де атқаратын жұмыс көп, бірақ бүгінгі жеңісіміз алдағы жарыстарға деген сенімімізді нығайтып, жаңа жетістіктерге жігерлендіреді», – деді облыстық «Дарнис» ат спорты клубының мүшесі Нұрила Тұрысбекова.
130 сантиметрлік басты бағытта екінші орынды Астана қаласының өкілі Яна Жемчужина Бавария есімді атымен иеленсе, үшінші орынға Леди Ди атты жүйірік мінген Алматы облысының «Дарнис» ат спорты клубының спортшысы Ксения Баталова ие болды.
Ал 120 сантиметрлік бағытта жас жылқылар арасында Алматы облысының Ұлттық спорт түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясының өкілі Байжанұлы Бекжан Канкистадор атты тұлпарымен жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені Шымкент қаласының өкілі Шыңғыс Мәлікаждар иеленді.



