Баршаға белгілі, бірнеше жыл бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор Алатау шаһарын салу туралы шешім қабылдаған еді. Биыл тіпті бұл қала жаңадан қабылданған Ата Заңымызға енгізіліп, 8 мамыр күні Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Бұл заңның негізгі мақсаты – Алатау қаласының қарқынды әрі орнықты дамуы үшін жағдай жасау. Әрине, кез келген істі бастау бар да, оны белгіленген мерзімде атқару бар. Осы тұрғыда бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, жаңа қалада қолға алынып жатқан жұмыстармен тікелей танысып, нақты тапсырмалар бергені қуантады. Әсіресе ақылды қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында Үкімет бастапқы кезде тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керек деген сөзі өте орынды. Өйткені, Президенттің өзі түсіндіргендей, мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салса, жеке капитал да келе бастайды. Соның арқасында салық түсімі артады, жаңа инфрақұрылым пайда болады. Осылайша, қолға алынған жұмыстың ауқымы кеңейе береді. Мемлекет басшысы бастапқы инвестиция салу міндеті тек жеке секторға ғана жүктелсе, жобалардың инвестициялық тартымдылығы әлсірейтінін, мұндай жағдай тарифі жоғары монополия құрылымдарының пайда болуына әкеп соқтыратынын және бұл ақыр соңында дамуды тежейтінін де атап көрсетті. Біз жаңа қалада жалпы көлемі 2 триллион теңгеге жуық қаржы құйылған бастамалар аясында 50 мыңнан аса жұмыс орны ашылатынын естідік. Бұл – аймақтағы әлеуметтік жағдайды анағұрлым жақсартатын, аймақтың дамуын айқындайтын үлкен жоба, нақты жетістік болар еді. Президент осы тұрғыда отандық бизнесті ынталандыруға баса назар аудару қажеттігін да баса айтты. Оның пайымдауынша, бизнес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі тиіс.
Біз – талғарлықтар Мемлекет басшысының «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясына келгеніне ерекше қуандық. Қасым-Жомарт Кемелұлы академияның 180 балаға арналған жатақханасын, FIFA талаптарына сай келетін футбол алаңын көріп, допты игеру техникасы мен испан әдістемесі бойынша командалық іс-қимыл дағдыларын пысықтауға кіріскен жас футболшылардың жаттығуын да тамашалапты. Бұл – елімізде миллиондардың ойыны саналатын – футболды дамытуға да соны серпін беретіні сөзсіз!
Бексұлтан КӨЛБАЕВ
Талғар ауданы
