Алматы облысы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың маңызды көпірі саналады. Бүгінде ҚХР мен Алматы облысы жасыл энергетика, туризмнен бастап логистика және агроөнеркәсіп кешеніне дейінгі барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдей түсуде.
Ресми деректерге зер салсақ, өңір мен ҚХР арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары 1 млрд АҚШ долларынан асып, тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта Алматы облысы аумағында Қытай және бірлескен капиталдың қатысуымен 287 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы 4 жыл ішінде менің тікелей басшылығыммен Қытай Халық Республикасының 16 өңірінде 7 жұмыс сапары ұйымдастырылып, оған өңірдегі 75-тен астам бизнес өкілі қатысқан. Сондай-ақ, өңірде жалпы құны 6,2 трлн теңгені құрайтын 216 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Қытай капиталының қатысуымен 3,1 трлн теңгеге жуық 45 жоба бар. Бұл бастамалар нәтижесінде 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Білім беру саласындағы ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Қазіргі таңда Қытайдың түрлі оқу орындарында Алматы облысынан 56 студент білім алуда. Сонымен қатар, Қытай тарапы жастарға арналған гранттық бағдарламаларды ұсынып отыр. Туризм саласында да оң динамика байқалады. 2025 жылы Алматы облысына 147 мыңнан астам шетелдік турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайыздан астам өсім. Туристердің басым бөлігі Қытай азаматтары. Сонымен қатар, Шанхай қаласында Алматы облысының Сервис орталығы жұмысын бастаған. Бұл – өңірдің туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған ресми өкілдік. Алматы облысы халықаралық туристік алаңдарда, оның ішінде ITB China және ITB Asia көрмелеріне қатысып, сондай-ақ қытайлық туроператорлармен, әуе компанияларымен, медиа өкілдерімен белсенді жұмыс істеуде. Қысқасы өңірдің инвестициялық тартымдылығының жоғары деңгейі экономиканың түрлі салаларында, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолайлы алаң туғызатыны анық.
Өз тілшіміз
