Перейти к содержимому
Главная страница » Аладоп аламаны

Аладоп аламаны

Аладоптан әлемдік доданың жалауы желбіреді. Бұл – FIFA-ның ұйымдастыруымен өтетін тарихтағы ең ауқымды турнир. Биыл алғаш рет әлем чемпионы атағы үшін 48 ұлттық құрама таласады, ал матчтар бірден үш елде – АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр.

Биылғы дода бірнеше көрсеткіш бойынша рекорд жаңартпақ. Егер 1930 жылы өткен алғашқы әлем чемпионатына 13 құрама қатысқан болса, қазір олардың саны 48-ге жетті. Матчтар саны да тарихи максимумға жетіп, жанкүйерлерді 104 ойын күтіп тұр. Турнирдің басты жаңалықтарының бірі – жарыс форматының өзгеруі. Топтық кезеңде 48 құрама төрт командадан құралған 12 топқа бөлінеді. Плей-офф кезеңіне әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар, сондай-ақ үшінші орын иеленген құрамалардың ішіндегі үздік сегізі жолдама алады. Осылайша, жарыстың шешуші кезеңі 1/16 финалдан басталады. Мамандардың пікірінше, жаңа жүйе турнирдің алғашқы кезеңдерінде ірі сенсациялардың болу ықтималдығын айтарлықтай төмендетеді. Енді фавориттердің топтан шығуы жеңілдей түседі, ал олардың сәтсіздігі үлкен күтпеген жағдай ретінде бағаланбақ. Биылғы әлем чемпионаты футбол жұлдыздарының тұтас бір буыны үшін соңғы мундиаль болуы мүмкін. Турнирде Лионель Месси, Криштиану Роналду, Лука Модрич, Мануэль Нойер және Кевин де Брёйне өнер көрсетеді. Бұл дода олардың мансабындағы соңғы әлем чемпионаты болуы ықтимал.
Әлем көз тіккен аладоптың айтулы аламанында Орта Азиядан Өзбекстанның ұлттық құрамасы бақ сынайды. Сонымен қоса бауырлас Түркия ұлттық құрамасы да өз мықтылығын дәлелдеуге барын салмақ. «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары дүбірлі доданы тікелей эфирде көрсетеді. Осылай жаһанды жаңалығымен елеңдеткен аладоп аламаны жанкүйерлерге ерекше көңіл-күй сыйламақ.


Ермұрат Мұқырбай