Перейти к содержимому
Главная страница » Алатау қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған кездесу өтті

Алатау қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған кездесу өтті

15 маусым күні Алатау қаласының Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында маңызды кездесу өтті. Іс-шараға Аналар алқасының төрайымы, қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар мен қала тұрғындары қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы институтын нығайту, өзара құрмет пен түсіністікке негізделген отбасылық қарым-қатынасты қалыптастыру мәселелерін талқылау болды.

Іс-шара барысында қатысушыларға отбасының қоғамдағы рөлі, ұлттық құндылықтарды сақтау, ата-ана жауапкершілігі және отбасы мүшелері арасындағы сыйластықтың маңыздылығы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Спикерлер отбасыдағы тұрақтылық пен татулықтың қоғамның дамуына тікелей әсер ететіндігін атап өтіп, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу қажеттігіне тоқталды.

Кездесу аясында Отбасын қолдау орталығының психологы қатысушылармен интерактивті форматта жұмыс жүргізіп, арнайы психологиялық ойындар мен тәжірибелік жаттығулар ұйымдастырды. Практикалық тапсырмалар арқылы отбасындағы жанжалдардың туындау себептері, оларды тиімді шешу жолдары, эмоцияларды басқару және конструктивті қарым-қатынас орнату тәсілдері түсіндірілді.

Қатысушылар пікір алмасып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда қоғамның, отбасының және әрбір азаматтың жауапкершілігі туралы өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар құқықтық және психологиялық көмек алу тетіктері жөнінде ақпарат беріліп, қолдау көрсету қызметтерінің мүмкіндіктері таныстырылды.

Мұндай кездесулер қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, азаматтардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ қауіпсіз әрі қолайлы отбасылық орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Алатау қаласының Отбасын қолдау орталығы алдағы уақытта да тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, отбасы институтын нығайтуға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстарды жалғастыра береді.
Алатау қаласының отбасын қолдау орталығы