Қоғам өкілі ретінде мені алаңдататын маңызды мәселелердің бірі – алкогольге тәуелділіктің алдын алу. Өйткені алкоголизм – тек бір адамның ғана емес, тұтас отбасының, тіпті қоғамның әл-ауқатына кері әсер ететін әлеуметтік дерт.
Алкогольді шамадан тыс тұтыну адамның денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, түрлі құқық бұзушылықтардың, тұрмыстық жанжалдардың, жол-көлік оқиғаларының және өзге де келеңсіз жағдайлардың орын алуына себеп болады. Сондықтан бұл мәселеге әр азамат бейжай қарамауы тиіс.
Президентіміздің «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән берілуде. Осы бағытта Алатау қаласында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жастармен кездесулер ұйымдастырылуда. Білім беру ұйымдарында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Әсіресе жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды. Спортпен шұғылдану, мәдени және шығармашылық жобаларға қатысу жас буынның зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді. Сондықтан әрбір ата-ана баласының тәрбиесіне көңіл бөліп, оның қоршаған ортасына мән беруі қажет.
Сонымен қатар қоғамда маскүнемдікке төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру маңызды. Әр тұрғын өз денсаулығына, отбасының амандығына және қоғамның қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Алкоголизмнің алдын алу – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – баршамыздың ортақ ісіміз. Бірлесе әрекет еткенде ғана біз дені сау, саналы әрі қауіпсіз қоғам қалыптастыра аламыз.
Салауатты өмір салтын таңдау – жарқын болашаққа бастар дұрыс қадам.
Қалдықыз Есенбаева
Алатау қаласының қоғамдық пікір көшбасшысы
