Алматы облысында жекеменшік ұйымның миллиардтаған қарызынан жарық пен судан ажыратылған елдімекендерге электр энергиясы қайта берілді. Алматы облысы әкімдігі мен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде коммуналдық түйіткіл шешілді.
Электр қуатының өшірілуі салдарынан елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ететін су алу ұңғымалары мен сорғы станцияларының жұмысы тоқтап қалған бодатын. Бұл тұрғындарға үлкен қолайсыздық туғызды. Абоненттердің жарықтан ажыратылуына жекелеген электр жеткізуші компаниялардың «АЖК» алдындағы қордаланған қарызы себеп. Ең ірі берешек – 1,1 миллиард теңгеден астам қарызы бар Қарасай ауданындағы «BeyAzh Trans» ЖШС-не тиесілі.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев облыстық прокуратура, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, Қарасай ауданы әкімдігі, салалық басқармалар мен коммуналдық кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен шұғыл кеңес өткізіп, қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру және тұрғындарды электр және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды.
Нәтижесінде өтелмеген қарызға қарамастан, электр энергиясын қайта беру туралы келісім жасалды. Қарасай ауданы аумағында электрмен жабдықтау 10 маусым күні толық қалпына келтірілді. Аудан әкімдігінің мәліметінше, мәселенің салдарын жоюмен ғана шектелмей, осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бағытында да нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, «Асыл Арман», «Алтын Ауыл» және «Өмірзақ» тұрғын үй кешендерінің электр желілері «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның сенімгерлік басқаруына берілді. Тұтынушылар үшін жеке дербес шоттар ашылып, электр энергиясы үшін төлемдерді делдалсыз, тікелей төлеу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар Қарасай ауданы әкімінің өкімімен сумен жабдықтау жүйелері «Таусамалы қызмет» МКК балансына берілді. «BeyAzh Trans» ЖШС-ның берешегі заңнамада белгіленген тәртіппен кәсіпорын мүлкін өндіріп алу және сату есебінен өтелетін болады.
Еске салайық, бұған дейін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ төлемдерді ұзақ уақыт бойы өтемеген тұтынушыларға қатысты 8 маусымнан бастап электр энергиясын беруге шектеу енгізілетінін хабарлаған болатын.
