Перейти к содержимому
Главная страница » Ашық судағы үлкен бәсеке

Ашық судағы үлкен бәсеке

 Қонаев қаласындағы «Beach Volleyball» демалыс базасында ашық суда жүзуден барлық жас ерекшеліктері бойынша Қазақстан республикасының чемпионаты басталды. Қапшағай су қоймасының айдынында еліміздің ең үздік жүзушілері бас қосты. Жарысқа Қазақстанның 12 өңірінен келген 168 спортшы қатысуда.

Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі «Спорт есірткіге қарсы» ұранымен өтті. Бұл жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, зиянды әдеттердің алдын алудың маңызын айқындай түсті.

Жарысқа қатысушыларды Алматы облысы полиция департаменті мен Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері құттықтап, спортшыларға тартысты бәсеке, жарқын жеңістер және жоғары нәтижелер тіледі.

– Бұл жарыстың отандық жүзу спорты үшін маңызы зор. Дәл осы чемпионатта еліміздің үздік жүзушілері өз шеберлігін дәлелдеп, спорттық дәрежесін растауға немесе арттыруға мүмкіндік алады. Чемпионат жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қатысушылар лайықты нәтиже көрсетеді деп сенеміз. Барша спортшыларға әділ бәсеке, жеке рекордтар мен сәтті мәрелер тілеймін, – деді Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының олимпиадалық спорт түрлері бөлімінің өкілі Ербол Құлжабаев.

Қазақстан республикасының ересектер арасындағы чемпионатына 2012 жылы туған және одан үлкен ерлер мен әйелдер қатысады. Жеті күн бойы спортшылар келесі қашықтықтарда бақ сынайды: 3 км – шығып қалу жүйесі бойынша спринт, 5 км, 10 км және 4×1500 метрлік аралас эстафета.

Сонымен қатар 2014 жылы туған және одан үлкен ерлер мен әйелдер 500 метр қашықтықта және 6×500 метрлік аралас эстафетада (3 әйел, 3 ер адам) сынға түседі.

Көптеген спортшылар үшін бұл жарыс маусымдағы шешуші кезең болмақ. Себебі дәл осы дода олардың спорттық бабын ғана емес, ашық суда жүзуден Қазақстан ұлттық құрамасына ену мүмкіндігін де айқындайды.

Әйелдер арасындағы басты үміткерлердің бірі – Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Жетісу облысының өкілі Мария Федотова.

– Мен жүзу спортымен 16 жылдан бері айналысамын, оның соңғы он жылын ашық суда жүзуге арнадым. Чемпионатқа дайындық бассейнде өтті. Алайда Қапшағай су қоймасындағы жарыс – мүлде басқа деңгей. Мұнда үйреншікті жолақтар мен қабырғалар жоқ, нәтижеге толқын, жел және ағыс әсер етеді. Мұндай жағдайда жылдамдық пен төзімділік қана емес, күшті дұрыс бөлу, тиімді тактика таңдау және жарыс барысында жедел шешім қабылдау аса маңызды. Ашық суда жүзуді ерекше әрі күрделі ететін де – осы. Менің басты мақсатым – жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның намысын әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарда қорғау, – деді ашық суда жүзуден Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мария Федотова.

Ерлер арасында жарыстың басты фавориті – Алматы қаласының өкілі, Азия чемпионатының жүлдегері Лев Черепанов.

Сонымен қатар жас ерекшеліктері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты да өтуде. Онда жас спортшылар келесі топтар бойынша сынға түседі:

* I топ – 2013–2014 жылы туғандар;

* II топ – 2011–2012 жылы туғандар;

* III топ – 2009–2010 жылы туғандар;

* IV топ – 2007–2008 жылы туғандар.

Олар 100 метр, теңіз милі, 3000 метр, 5000 метр және 500 метр қашықтықтарында жарысады.

Мұндай формат бір спорттық дода аясында ұлттық құраманың қазіргі көшбасшыларын да, болашақ спорт резервін де қатар қамтуға мүмкіндік береді.

– Қонаевтағы бұл жарыстардың спорттық қана емес, стратегиялық маңызы да зор. Чемпионат қорытындысы бойынша ересектер арасында Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталады. Оның құрамына 8 әйел және 8 ер спортшы енеді. Ал үздік жасөспірімдер биылғы жылдың 3–6 қыркүйегі аралығында Аргентинада өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады, – деді Қазақстан республикасының ашық суда жүзуден ұлттық құрамасының бас бапкері Дәурен Ысқақов.

Жарыстар 2 шілдеге дейін жалғасады. Алайда алғашқы жарыс күндерінің өзі-ақ жүлделер үшін тартыстың мәреге дейін өте қызу өтетінін көрсетті.