Мемлекет тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтап, заң мен әділеттілікті қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Соның ішінде учаскелік полиция инспекторы қоғамдық тәртіпті сақтауда әрдайым алғы шептен табылады. Осы орайда ел игілігі жолында қызмет атқарудың озық үлгісін көрсетіп жүрген полиция капитаны Абзал Байгөзді мақалаға арқау етпекпіз.
Абзал Серікұлы 1993 жылы Қонаев қаласында дүниеге келген. Шеңгелді ауылындағы Қадырғали Жалайыр атындағы №6 орта мектепті тәмамдағаннан кейін Шымкент қаласындағы аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетіне оқуға түсіп, құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, Шеңгелді ауылындағы 86621 әскери бөлімде еңбек жолын бастаған. 2016 жылы Ақтау қаласына қоныс аударып, жол-патрульдік инспекторы болып жұмысқа орналасады. Еңбек жолын әскери қызметтен бастаса, бала күнінен форма кигендерге қызығушылықпен қарап, полиция қызметкері болуды армандап өскен Абзал өз болашағын осы саламен байланыстырады. Осы қызметті жүрегімен қалағандықтан болар, ол жауапкершілік, батылдық, табандылық, төзімділік пен әділдік талап етілетін жауапты жұмысты абыроймен атқарады. Маңғыстау облысы орталығының көшелері мен күре жолдарында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережелерін сақтауын қадағалайды. Соның арқасында Ақтау қаласы жолдарындағы қауіпсіздік деңгейі артып, көптеген адам өмірі сақталып қалуына себепкер болады.
2020 жылы Қонаев каласына учаскелік полиция кызметкері болып ауысып келіп, өзі дүниеге келген шаһар тұрғындарының қауіпсіздігі жолында уақытпен санаспай еңбек етеді. Абзал Серікұлы өзіне бекітіліп берілген учаскелік аймақта қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізеді. Полиция басқармасы басшылығы тарапынан берілген тапсырмаларды асқан жауапкершілікпен бұлжытпай орындап, көшені жиі аралап, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатады. Қылмысты ашу, тәртіпсіздікті болдырмау күнделікті міндетіне айналады.
Қызметіне адалдығы әрбір ісінен анық байқалатын Абзал 2023 жылы Қонаев каласына қарасты Шеңгелді ауылына учаскелік полиция инспекторы болып ауысады. Содан бері ауылдың тыныштығын қамтамасыз етуге атсалысып келеді. Осы қызметті атқару барысында мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық хаттама рәсімдеген. Орта есеппен айына 3-4 азаматты ерекше талаппен, жылына 30 тұлғаны қорғау нұсқамасы бойынша есепке алған. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында ауыл жұртшылығына түсіндіру жұмысын жүргізеді. Ауыл тыныштығын күзету асқан жауапкершілік жүктейді. Полиция капитаны тұрғындармен байланыс орнатқанда да сыпайылық сақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, жұмысы оңай болмаса да, ел игілігіне қызмет етудің озық үлгісін паш етуде. Өзіне жүктелген міндетті тиянақты атқаратыны оның әріптестері арасындағы беделін биіктетіп, абыройын арттыра түсті. Қалалық полиция басқармасының бастығы Әбілғазы Төлепбергенов пен орынбасары Рашид Нұрмамбетовтың Абзал туралы айтқан жылы лебіздері – соның дәлелі. Абзалдың саладағы еңбегі бағаланып, мерекелік медальдармен марапатталып, полиция департаменті мен қала әкімінің Алғыс хатын иеленген. Өз ісіне шынайы берілген полицейдің алар асуы алда.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
