Перейти к содержимому
Главная страница » Ауылда ішімдік сатылмайды

Ауылда ішімдік сатылмайды

Маскүнемдікпен күрес елімізде түрлі бағытта жүзеге асырылып келеді. Ұйғыр ауданында да ішімдікпен күрес мәселесі назардан тыс қалған емес. Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, бүгінде ішімдікке салынған 73 адам тіркеуде тұр. Олардың саны жыл сайын көбеймесе, азаймай тұрғаны да шындық. Биыл екі азамат туған-туыстарының келісімімен мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жіберілген.

Ішімдіктің кесірінен адам түрлі қылмысқа да барады. Тіпті, жақыны­на жаны ашымайтын қатыгезге де айналады. Осындай оспадар әрекетке баратын адамдардың көбеюіне кей ауылдың ақсақалдары мен жастары алаңдаушылық білдіріп, өз ауылдарын­да ішімдік сатуға тыйым салыпты. Ауданымыздағы Кепебұлақ, Сұңқар, Шошанай ауылдары «Арақсыз ауыл» бастамасын көтеріп, бірауыздан ауылда ішімдік сатпауға, оны қолданбауға келісіпті.
Ауыл ақсақалдары мен жастар полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, әр тұрғынға түсіндірме жұмыс­тарын жүргізіп, осы игі баста­маның қолдаушысы бола білді. Бүгінде аталмыш ауылдар аудандағы өзге елдімекен тұрғындарына үлгі көрсетуде. Әрі бұл бастаманың аяқсыз қалмай, басқа ауылдар да жалғаса деген ниетте.
Күні кеше аудандық полиция қызметкерлері Рахат ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, осы бастаманы қолдауға шақырды. «Арақсыз ауылдың» пайдалы тұстары мен өсіп келе жатқан жасөспірімдерге қаншалықты тәрбие екенін түсіндірді. Рахаттықтар да бұл бастаманың жақсы дүние екенін айтып, қолдау білдіретіндеріне сендірді.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы