Аймақта спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Облыс аумағында барлығы 1891 спорт құрылымы жұмыс істейді. Оның 503-і – дене шынықтыру және спортқа арналған нысандар, 1193-і білім беру ұйымдарында орналасқан, 195-і спорт мектептеріне тиесілі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, бүгінде аймақта 3 спорт кешені салынып жатыр. Кеген ауданы Жалағаш ауылындағы 50 орынға арналған спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қоса Жамбыл ауданы Тарғап ауылы мен Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы 70 орынға шақталған спорт кешені жыл соңында ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ 14 спорт нысанының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Атап айтқанда, Қонаев қаласындағы көпфункционалды спорт кешені мен Шеңгелді ауылындағы нысан, Алатау қаласының «Заречный» шағынауданындағы кешен, Балқаш ауданы Бақбақты, Қарасай ауданы Шамалған ауылдарындағы спорт мектеп-интернаты мен Көкөзек және Жібек жолы ауылдарындағы стадиондар, Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би, Қазақстан, Тескенсу ауылдарындағы, Іле ауданы М.Түймебаев, Жамбыл ауданы Үңгіртаc, сондай-ақ Райымбек ауданына қарасты Текес пен Қайнар ауылдарындағы нысандар бар. Бұдан бөлек, тағы төрт нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде..
Басқарма мамандарының айтуынша, қазір облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындар үлесі 42,7 пайызға жетіп, 625 735 адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 44 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта QR-кодпен жабдықталған заманауи интерактивті цифрлық платформа әзірленуде. Платформа арқылы спорт нысандары мен іс-шаралар туралы ақпарат ашық әрі қолжетімді бола түспек. Сонымен қатар облыстық басқарма Қазақ спорт және туризм академиясы және Қазақ ұлттық спорт университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттар аясында мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру, студенттер мен жас спортшылардың тәжірибеден өтуін ұйымдастыру, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарды бірлесіп өткізу, ғылыми-инновациялық әдістерді енгізу және спорттық туризмді дамыту бағыттары жүзеге асырылатын болады.
Алматы облысында спорт саласы кешенді түрде дамып, инфрақұрылым жаңарып, жеке инвестициялар тартылып, бұқаралық спорт ауқымы кеңейіп келеді. Бұл өңір тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына және жоғары жетістіктер спортының сапалы дамуына берік негіз қалыптастырады.
Ерзат АСЫЛ
