Перейти к содержимому
Главная страница » Экрандағы өңір тынысы

Экрандағы өңір тынысы

Аймақтың тыныс-тіршілігі, елдің мұңы мен мұраты, халықтың үні ең алдымен жергілікті ақпарат құралдары арқылы көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда Алматы облысының ақпарат кеңістігінде аз уақыт ішінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген «Qonaev media» телеарнасының орны ерекше. Өткен жылдың күзінде көрерменмен қауышқан арна бүгінде облыс көлемімен ғана шектелмей, республикалық медиакеңістікте де танылып келеді.

Телеарна директоры Қымбат Хангелдинаның айтуынша, «Qonaev media»-ның басты мақсаты – өңір өмірін шынайы көрсету, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналу және сапалы контент арқылы көрермен сеніміне ие болу. Осы арада отандық телевизияның қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан, бірнеше буын журналистерге үлгілі, тәжірибелі медиаменеджер әрі кәсіби журналист Қымбат Хангелдинаның жаңа медиада да қажырлы еңбек сіңіріп жатқанын айта кеткен жөн. Расында жүздеген тікелей эфирді, ірі республикалық ақпараттық жобалар мен тарихи маңызы бар қоғамдық-саяси науқандарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, телевизия саласында өз қолтаңбасын қалыптастырған білікті басшының өңірлік телеарнаның жаңа деңгейге көтерілуіне серпін беріп, шығармашылық ізденіс пен кәсіби стандарттарды ұштастырып келе жатқаны айқын сезіледі. Шынында да, бірнеше айдың ішінде қалыптасқан көрсеткіштер бұл сөздің бекер айтылмағанын аңғартады. Қысқа мерзімде эфирге шыққан телеарна өндірістік базасын қалыптастырып, авторлық жобаларын іске қосып, сандық платформалардағы аудиториясын да жүйелі түрде қалыптастыра алды.
Телеарнаның алғашқы қадамдары да оңай болмады. Бүгінде жарқыраған студия мен заманауи техниканың ар жағында үлкен еңбек пен ізденіс жатыр. Арнаның аға телеоператоры Қайрат Атагелдиевтің айтуынша, алғашқы кезеңде қажетті техниканың да, қаржылық мүмкіндіктің де тапшылығы сезілген. Соған қарамастан бірнеше маман өздерінің жеке құралдарын пайдаланып, концерттерді, мәдени іс-шараларды, түрлі кездесулерді түсіріп, эфир қорын жинақтауға күш салған. Бұл – шын мәнінде кәсібіне адал мамандардың жанкешті еңбегінің көрінісі.
Уақыт өте келе арна материалдық-техникалық жағынан нығая түсті. Қазіргі таңда эфирлік аппараттық кешен, монтаждау және дизайнерлік станса, мұрағаттық қор, заманауи түсірілім жабдықтары толыққанды жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде телеарна тәулігіне он алты сағаттан астам уақыт хабар таратып, еліміздің барлық аумағына қолжетімді болып отыр. Алайда телевизия тек техникадан тұрмайды. Оның жүрегі журналист пен сала мамандары екені анық. Экраннан көрінетін жүргізуші мен тілшінің артында режиссер, оператор, монтажер, дыбыс режиссері, дизайнер, инженер, заңгер, әкімшілік және техникалық қызметкерлерден құралған үлкен ұжым еңбек етеді.
Бүгінде «Qonaev media» ұжымында шығарма­шылық пен тәжірибені ұштастырған кәсіби мамандар шоғырланған. Арна басшылығы жас журналистерді тәрбиелеуге де ерекше көңіл бөліп келеді. Себебі қазіргі медиакеңістікте журналист тек ақпарат жеткізуші ғана емес, сарапшы, талдаушы әрі қоғам пікірін қалыптастырушы тұлғаға айналды. Заманауи медианың тағы бір ерекшелігі – оның эфирмен ғана шектелмеуі. Қазір телеарнаның әлеуметтік желілердегі аудиториясы тұрақты өсіп келеді. Instagram желісіндегі ай сайынғы қаралым саны миллиондармен есептелсе, YouTube платформасындағы жаңалықтар мен бағдарламалар да көрермен тарапынан жоғары қызығушылыққа ие. Бұл өңірлік арнаның жаңа заман талаптарына бейімделе алғанын көрсетеді.
Арнаның бағдарламалар қоржыны да толығып келеді. Бүгінде көрерменге 23 түрлі авторлық жоба ұсынылады. Олардың қатарында жаңалықтар, сараптамалық бағдарламалар, әлеуметтік және мәдени жобалар бар.
Солардың ішінде соңғы уақытта көрермен ықыласына ерекше бөленген жобалардың бірі – «Апта. Маңызды» бағдарламасы.
Ақпарат тасқыны күшейген қазіргі кезеңде жұртшылыққа құры жаңалық емес, оның мәні мен маңызын түсіндіретін сараптамалық дүниелер қажет. Осы қажеттілікті дөп басқан жоба аз уақыт ішінде өз аудиториясын қалыптастыра білді. Бағдарламаның ерекшелігі – апта бойы болған маңызды оқиғаларды жай ғана тізбектемей, оның астарына үңіліп, себеп-салдарын саралауында. Ең бастысы, бұл іске тележурналистикада өзіндік қолтаңбасы бар, сөз салмағын түсінетін тәжірибелі мамандардың тартылуы, сақа журналистердің сараптама жасауы жобаның деңгейін айрықша көтерген. Сонымен қатар арна эфиріндегі «Әкімге сұрақ», «ПайымTime», «Еңбеккер», «Таза мекен», «Q-Start», «Бүгінгі кеш», «Қазыналы өлке», «Made in Almaty oblysy» секілді жобалар да қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, өңірдің мәдени және әлеуметтік өмірін кеңінен насихаттап келеді Телеарнаның бүгінгі жетістігіне тәуелсіз зерттеу ұйымдарының бағасы да дәлел. Зерттеулер нәтижесінде «Qonaev media» республикадағы үздік жиырма телеарнаның қатарына еніп отыр.
Қысқа мерзім ішінде қалыптасқан тәжірибе көрсеткендей, кәсібилік пен жаңашылдық ұштасқан жерде нәтиже де болады. Алдағы уақытта да «Qonaev Media» ұжымы көрермен сенімін ақтап, ақпарат кеңістігіндегі өз орнын одан әрі нығайта түсетініне сенім мол.

Құралбек СӘБИТОВ