«Жанарымда – туған жер!..» Осы бір рухқа толы қанатты сөз – белгілі журналист-жазушы Жанболат Аупбаевқа тиесілі. Деректі проза дүлдүлі, еліміздің ата басылымы «Егемен Қазақстан» газетін басқарған, тағдыры ерек адамдар туралы қалам тербеудің хас шебері атанған ағамыздың шығармаларын тұщынбай оқу мүмкін емес. Сосын да болар, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне бағынышты шекара басқармаларына журналистік іссапармен барған сайын Жанболат Әлиханұлының айдары жадыма орала береді…
Бүгін тағы да. Бұл жолы менің жолым полковник Ж.Байсаханов басқаратын Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының «Текес» шекара бөлімшесіне түскен. Бұл бөлімшенің тарихы туралы осыған дейін аз жазған жоқпыз. Тіпті, департаменттің бес жылдығына арналған «Біз – Отанның берік қалқаны» атты кітапта да егжей-тегжейлі қалам тартқанбыз. Лайықты бағасын беру керек, нақ осы кітапты жазу кезінде бөлімшенің алғашқы атауы басқаша болғанын, қазіргі қос қабатты ғимараттың өткен ғасырдың 70-жылдары салынғанына көз жеткіздік. Ал бөлімшесінің ескі орны қазақ-қытай шекарасының дәл түбінде болған көрінеді. Өзінің тарихы былай болып келеді. 1932 жылдың 20 мамырында «Дараты» деген атпен ашылған. Жаркент шекара отрядының «Сарыжаз» шекара комендатурасына қарасты төрт шекара заставасының бірі болған бөлімше сол жылдың 12 маусымында 500-ге тарта бандылардың Сарытау тауы арқылы көрші Қытайдың жеріне бет алғаны туралы ақпарат алады. Келесі күні таң алдында шекарашылар екі топқа бөлініп, бұл кезде Кескентас көлінің аумағына бекініп үлгерген бандылармен айқасқа түседі. Нәтижесінде, шекара бұзбақ болғандар түгел жер жастанады, бірақ күші тең емес осы шайқаста шекарашы В.Астраханцев ерлікпен қаза табады. Шекарашы «Дараты» (Текес) шекара заставасында жерленеді.
Бізді әскери тәртіппен қарсы алған бөлімше бастығының орынбасары лейтенант Д.Айтқалиға 30-жылдары ерлікпен қаза тапқан шекарашының зираты тұрған жерге барып қайтуға тілек білдірдік. Жас офицер екі сөзге келген жоқ, ұжымның тыныс-тіршілігімен танысған соң бірден сол жаққа аттанып кеттік.
… Бұл кезде шекараның бойы тыныштық құшағында мүлгіп жатыр еді. Дәл қазір. Өйткені, мұнда жыл сайын көктем басталысымен, жергілікті тұрғандардың қым-ғуыт тіршілігі басталады. Даланың дана дихандары өз қолдарымен салған «сурет» мінсіз: көз алдымызда егістік алқаптары жарқырап жатты. Осы жерде көкейімізде лып етіп бір сезім оянған. Бізбен бірге келе жатқан шекара нарядының қызметін неге осы жерде суретке түсірмеске?! Мұндағы мақсат, табиғаттың сұлулығын ғана емес, шекарашының ел шебіндегі қызметін көрсету. Лейтенант Даниял Айтқали біздің ойымызға қарсы болған жоқ. Бірден іске кірісіп кеттік. Айту керек, кіші сержанттар Дамир Мажитов пен Айбек Мырқасымдар өздерінің «рөлдерін» тамаша сомдағандары сонша, шекара бойында түсірілген суреттер болашақ кітаптар мен буклеттерге, көше бойларындағы баннерлерге сұранып тұр еді. Тек, бұл – біздің ойымыз… Осылайша, «қоржынымызды» жаңа суреттермен толтырып алған соң, шекарашылардың соңғы үлгідегі жүрдек көлігіне айналып үлгерген «JAC»-қа қайта отырып, желмен жарыса жөнелдік.
Бір кезде шекара мұнарасы көрінді. Көрші аспанасты елімен арадағы шекараның түбінде тұр екен. Оншақты қадам жерде ескі ғимараттың үйінді жатыр. Бұл – «Дараты» шекара заставасы еді. Бандылармен шайқаста қаза болған шекарашының зираты да осы маңайда болып шықты. Дәлірегі, дәл шекараның бойында. Басына барып, үнсіз тұрдық. Желдің өтінде жатқанына енді алты жылдан кейін тура ғасыр толатын шекарашының рухымен үнсіз тілдескендей болдық… Риза болғанымыз, зират күтімсіз қалмапты. Сырланған, арамшөптен ада. Мұны біз бүгінгі ұрпақтың аға буынға көрсеткен құрметіне баладық.
…Санаулы минуттардан соң бақылау-із кесу жолағының бойына барып, шекара нарядының қызметін түсіру үшін иығымыздағы «қаруымызды» қайтадан іске қостық. Өйткені, бұл – шекара нарядының ел шебіндегі қас-қағым, қарбаласқа толы қызметінің басталғанын білдіретін. Әсіресе, біздің назарымыздан инженерлік сымдарды жіті тексеруге кіріскен электр аспаптарының шебері, ефрейтор Ақжар Базылжанның әбжіл қимылы қағыс қалмаған…
Ал дәл осы сәт шекарашылардың артында біздің тәуелсіз еліміз бейбіт тыныстап жатқан. Біздің артымызда!..
Біз шекарадан қайтып бара жатқанда Жанболат Аупбаевтың әлгі сөзі тағы да ойға оралды: «Жанарымда – туған жер!..» Иә, туған жердің бейбіт аспаны мен тыныш тіршілігі дәл осы шекарадан басталады.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша департаменті
