Перейти к содержимому
Главная страница » Елге қызмет – абыройлы міндет

Елге қызмет – абыройлы міндет

Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Қазақстан полициясы күні қарсаңында салтанатты шара өтіп, тәртіп сақшыларының ерен еңбегіне ерекше құрмет көрсетілді. Мерекелік жиынға ішкі істер органдарының өкілдері, сала ардагерлері, жас қызметкерлердің ата-аналары, әскери-патриоттық сыныптардың тәрбиеленушілері қатысты.

Шара барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев полиция қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. 

«Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидаты еліміздің стратегиялық даму бағытының негізгі басымдықтарының біріне айналды. Әділетті Қазақстанды құру жолында заңның үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайту және азаматтардың құқығын қорғау – баршамызға ортақ міндет. Бұл ретте қоғам мен құқықтық жүйенің жаңаруына заңнамалық негіз болған жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның орны ерекше. Жаңарған Ата Заңымыз азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудың тетіктерін түбегейлі күшейтіп, әрбір адамның мемлекет алдындағы қауіпсіздік кепілін нығайтатын болады.

Полиция қызметі – үлкен жауапкершілікті, жоғары кәсібилікті, батылдық пен адалдықты талап ететін абыройлы мамандық. Тәулікпен санаспай, қандай жағдай болмасын ел тыныштығын күзетіп, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып жүрген сіздердің еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық. Алматы облысының полиция қызметкерлері де осы жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді. Сіздер құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыспен күресу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіпті сақтау бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп келесіздер. Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, тұрғындардың полицияға деген сенімін арттыру жолындағы еңбектеріңіз өңірдің тұрақты дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына зор үлес қосуда. Қандай күрделі жағдайда болмасын, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін бәрінен биік қоятын полиция қызметкерлерінің жанқиярлығы – өскелең ұрпақ үшін үлгі», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ полиция қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және заманауи талаптарға сай жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасау әрдайым басты назарда болатынын жеткізді.

Облыс әкімінің айтуынша, қоғамдық қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайту мақсатында жергілікті бюджет есебінен 52 мың бейнебақылау камерасы, 325 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені, 18 модульдік полиция бекеттері орнатылған. Жыл басынан қылмыстың алдын алуға бағытталған 400-ден астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ай сайын республикалық жедел-профилактикалық шаралар өткізілуде.

Мерекелік шарада облыстық полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев те құттықтау сөз сөйлеп, қызметкерлерге адал еңбегі, кәсібилігі мен антқа беріктігі үшін алғыс айтты.

Облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Жұмағали Бүйембаевтың айтуынша, қазіргі таңда өңір мектептерінде «Жас сақшылар» әскери-патриоттық сыныптары ашылған. Оларға білікті тәлімгерлер бұл саланың қыр-сырын үйретуде. Бұл өзінің оң нәтижесін көрсетіп үлгерген.

«Полиция боламын деген жас әуелі бұл мамандықты жан-тәнімен жақсы көріп, адал қызмет етемін деген ниетпен келуі керек. Себебі оның шешімі талай адамның тағдырына тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда бұл саланың техникалық мүмкіндігі күн санап жетіліп келеді. Тәртіпке бағынып, ғұмырын абыройлы іске арнауға дайын қызметкер ғана абыройлы міндеттің биігін бағындырып, халықтың ықыласына бөленеді», – дейді ардагер.

Салтанатты жиында үздік қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар полицейге ҚР Ішкі істер министрлігі мен облыстық полиция департаментінің ведомстволық наградалары табысталып, арнайы атақтар берілді.

Міндетін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің жарқын есімін ұлықтауға ерекше назар аударылды. Мәдениет үйінің фойесінде құқық қорғау саласының батырларына арналған фотокөрме ұйымдастырылды.

Мерекелік шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Осылайша, елдегі тұрақтылық пен тәртіптің орнауына ғұмырын арнаған полиция қызметкерлерінің ерлігі дәріптеліп, кәсіби мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Қонаев қаласы