Перейти к содержимому
Главная страница » Интернет алаяқтығына жол жоқ!

Интернет алаяқтығына жол жоқ!

Қазіргі цифрлық дәуірде интернет пен ақпараттық технологиялар күнделікті өміріміздің маңызды бөлігіне айналды. Онлайн төлемдер жасау, тауар сатып алу, мемлекеттік қызметтерді алу және әлеуметтік желілерді пайдалану халық үшін қолайлы мүмкіндік болғанымен, интернет-алаяқтық фактілері де жиілеп келеді.

Алаяқтар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың жеке мәліметтері мен қаржысын иемденуге тырысады. Сонымен қатар жалған инвестициялық жобалар, онлайн несие рәсімдеу, әлеуметтік желілердегі жалған ұтыс ойындары мен интернет-дүкендер арқылы да адамдарды алдап соғу жағдайлары кездесуде.

Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Алатау қаласында халық арасында түсіндіру және ақпараттық-насихаттау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Тұрғындарға интернет желісінде сақ болу, жеке деректерді қорғау және күмәнді ақпараттарға сенбеу жөнінде кеңестер берілуде.

Интернет-алаяқтықтың құрбаны болмау үшін:

  • Банк картасының деректерін және SMS-кодтарды ешкімге бермеңіз;
  • Белгісіз сілтемелерге өтпеңіз;
  • Күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеңіз;
  • Ақша аудармас бұрын ақпараттың шынайылығын тексеріңіз;
  • Әлеуметтік желілердегі жалған жарнамалар мен акцияларға сақтықпен қараңыз;
  • Құпиясөздерді жиі жаңартып, қосымша қауіпсіздік шараларын пайдаланыңыз.

Интернеттегі қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі. Қырағылық пен сақтық таныту арқылы өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардың әрекетінен қорғай аласыз.

Алатау қаласы тұрғындарын интернет кеңістігінде сақ болуға, жеке мәліметтерін қорғауға және интернет-алаяқтыққа қарсы бірге күресуге шақырады. Интернет-алаяқтыққа жол жоқ!