Перейти к содержимому
Главная страница » Іскерлік байланыс – ілгерілеу кепілі

Іскерлік байланыс – ілгерілеу кепілі

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытайдың Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чансин бастаған делегациямен кездесті. Цзянсу – көрші елдегі экономикасы қарқынды дамыған, құрылыс, білім беру, туризм салалары бойынша ірі жобаларды жүзеге асырып, озық технологияларды енгізу бойынша алдыңғы орынға ие провинция. Жүздесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыс­тар­ды дамыту мәселелері талқыланып, аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойылды.

Марат Елеусізұлы өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы 34 жылдық дип­ломатиялық қатынас өзара сенімге, тату көршілік және стратегиялық әріптестікке негізделгенін атап өтті.
«Екі ел арасында сауда-эконо­мика­лық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық салаларда ауқымды бірлескен бастамалар іске асырылуда. Ал елдің шығысында орналасқан Алматы облысы Қазақстан мен Қытай арасын­дағы байланыстың маңызды көпірі саналады. Аймақ пен ҚХР арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары 1 млрд АҚШ долларынан асып, тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта Алматы облысы аумағында Қытай және бірлескен капиталдың қатысуымен 287 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы 4 жыл ішінде менің тікелей басшылығыммен Қытай Халық Республикасының 16 өңірінде 7 жұмыс сапары ұйымдастырылып, оған өңірдегі 75-тен астам бизнес өкілі қатысты.
«Алматы облысы мен Цзянсу про­вин­циясы арасындағы ынтымақ­тас­тық жүйелі түрде дамып, мазмұны да тереңдеп келеді. Цзянсу – Қытайдың экономика және инновация саласындағы жетекші өңірлерінің бірі. Сондықтан біз өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, логистика, инвес­тиция, жоғары технология салалары мен «жасыл» экономика бағытында ұзақмерзімді, тиімділігі жоғары жобаларды дамытуға ниеттіміз», – деген аймақ басшысы түрлі бағыттардағы бірлескен жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, қазіргі таңда өңірде жалпы қаражаты 6,2 трлн теңге болатын, 216 инвестициялық жоба мониторингте тұр. Ал Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 3,1 трлн теңгені құрайтын 45 инвестициялық жоба бар. Бұл бастамалардың нәтижесінде 16 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Жыл басынан бері Қытайдан келген инвесторлармен 90 кездесу өткізілген. Бұл жалпы инвестициялық кездесулердің – 46,9%-ы.
Бүгінде Қытай тарапы облыс жастары үшін гранттар ұсынып отыр. Қытайдың провинцияларында өңірден шыққан 56 талапкер тегін оқып жатыр. Олар бакалавриат, магистратура және орта кәсіптік оқыту бағдарламалары бойынша білім алуда.
Екі ел азаматтары үшін енгізіл­ген визасыз режим туризм саласының белсенді дамуына ықпал етті. 2025 жылы Алматы облысына 147 мыңнан астам шетелдік турист келді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 13,19%-ға артық. Оның ең үлкен бөлігін Қытай азаматтары құрайды. Биыл Шанхай қаласында облыс әкімдігінің Сервис орталығы ашылды. Бұл – өңірдің туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған ресми өкілдік. Алматы облысы халықаралық туристік алаңдарда, оның ішінде ITB China және ITB Asia көрмелеріне қатысып, сондай-ақ қытайлық туроператорлармен, әуе компанияларымен, медиа өкілдері­мен белсенді жұмыс істеуде.
Жиын барысында Синь Чансин про­винцияның өнеркәсіп, ауыл шаруашы­лығы, туризм, білім беру, технология және табиғи энергия көзін игеру бағытта­рында атқарылып жатқан жұмыстарын таныстырды.
«Цзянсу провинциясында 83 мил­лионнан астам халық тұрады. Экономи­ка­лық көрсеткіші бойынша Қытайда 2-орында. Нақтырақ айтсақ, өңірлік өнім көлемі 2 трлн АҚШ долларынан асады. Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы ең ірі серіктестерінің бірі әрі логистикалық әлеуеті халықаралық жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Біздің мақсатымыз – аймақаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, өзара тиімді байланыс орнату. Қол қойылған меморандум екі тарап ара­сындағы қарым-қатынасты тереңдетуге негіз болады деп сенемін», – деді мәртебелі мейман.
Осылайша, Алматы облысы мен Цзянсу провинциясы арасындағы ынтымақтас­тық жаңа кезеңге қадам басты. Сапар барысында қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін мазмұнды көрме ұйымдастырылды. Қонақтар назарына облыс аумағынан табылған «Алтын адам» мен өзге де құнды археологиялық жәдігерлер ұсынылып, олардың тарихи құндылығы мен ғылыми маңызы жан-жақты баяндалды. Аймақтың алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі жобалары таныстырылып, бірлес­кен бастамаларды дамыту мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.

Гүлзат БАЙҚОНЫС