Перейти к содержимому
Главная страница » КАРДИОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

КАРДИОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Қонаев қаласында сәулеттік кескіні мен орналасқан орны жақсы ойластырылып, шаһардың көркіне көрік қосқан жаңа кардиоло­гиялық орталық пайдалануға беріліп, өңір жұртшылығын зор қуанышқа кенелтті. Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы сөз Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановқа берілді.

– Өңірлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мен жоғары технологиялық орталықтар желісін дамыту – мемлекеттің басым бағытының бірі. Бүгін облыс орталығындағы ел игілігіне берілгелі тұрған кардиологиялық орталық – денсаулық сақтау жүйесі үшін ерекше маңызы бар нысан. Сонымен бірге халықтың өмір сапасын арттыруға және жүрек-қан тамыр ауруларымен күресті күшейтуге бағытталған нық қадам. Жүрек-қан тамыр жүйесінің дерті бүгінде елімізде ғана емес, бүкіл әлемде ең өзекті медициналық мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан мұндай жоғары технологиялы нысанның іске қосылуы – уақыт талабына сай қабылданған маңызды шешім. Мұнда диагностикадан бастап күрделі хирургиялық операцияларға дейін толық циклді медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтқанда, қанайналым жүйесі ауруын диагностикалау, емдеу қызметі көрсетіледі. Сонымен бірге жүрек пен қан тамырлары сырқатын да стационарлық деңгейде ем-дом көрсету толықтай іске асырылады. Бұл облыс тұрғындарының басқа өңірлерге немесе шетелге бармай-ақ, сапалы медициналық көмекті дер кезінде алуына жағдай жасайды.
Өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа нысандар салу және кадрлық әлеуетті күшейту жұмысы жүйелі түрде жалғасып келеді. Ашылып отырған орталық – осы кешенді жұмыстың нақты нәтижесі. Инвестициялық құны 3 млрд теңгені құраған осынау ауқымды бастама – өңірдің инвестициялық тар­тымдылығының айғағы. Ең бастысы, мұнда 200 медицина қызметкері үшін жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып отыр, – деген шаһар басшысы жобаның мерзімінде әрі сапалы жүзеге асуына атсалысқан инвесторларға, құрылысшыларға және бар­лық медицина қызметкерлеріне шынайы алғыс білдірді.
Келесі кезекте сәулеті мен келбеті келіскен жаңа нысанның тұсаукесер рәсіміне құтты болсын айтқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысқан инвесторға алғыс айтты. Одан кейін сөз алған жобаның инвесторы Бекарыс Жали баршаны жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мұның мемлекеттік қолдаудың, жеке инвестицияның және ортақ еңбектің нәтижесінде іске асып отырғанын атап өтті. Бұл орталықтың ашылу мақсаты өңір тұрғындарына заманауи, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек ұсыну екенін айтқан инвестор осы жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен облыс пен қала басшылығына және құрылысшыларға жүрекжарды алғысын жеткізді.
Көпшіліктің тағатсыздана күткен тарихи сәт те келіп жетіп, жобаның инвесторы Бекарыс Жали кардиологиялық орталықтың кілтін оның бас дәрігері Асқар Рахматәлиевке салтанатты түрде тапсырды. Содан соң Асхат Ермекұлы, Ержан Әбілқасымұлы, Бекарыс Тимурұлы жаңа ғимараттың лентасын қиып, оны ресми түрде ашық деп жариялады. Табалдырықты аттаған қонақтарды бас дәрігер Асқар Мұратұлы орталықтың бөлмелерін аралатып, нысандағы көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырды.
Бұл – жай ғана жаңа медициналық нысан емес, мыңдаған тұрғынның денсаулығын сақтауға, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға және заманауи медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған маңызды орталық. Жаңа кардиологиялық орталық облыс жұртшылығына қызмет етіп, әрбір тұрғынның денсаулығын нығайтуға, өмір сапасын жақсартуға және талай жанның өмірін сақтап қалуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ