Кеген аудандық Ішкі саясат бөлімі мен «Ақ Жүрек – Кеген» Алматы облысының мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Сәдуақас Серкебаев атындағы орта мектепте «Жемқорлықсыз қоғам – Адал ұрпақ» тақырыбында ашық пікірталас өтті. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, әділдік пен парасаттылық құндылықтарын насихаттау.
Пікірталас барысында қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны мен оны болдырмау жолдары туралы ұсыныстарын ортаға салды.
Ашық алаң форматында өткен кездесу жастардың белсенділігін арттырып, азаматтық жауапкершілікті күшейтуде маңызды рөл атқарды.
Жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін ең қауіпті әлеуметтік дерт. Ол қоғамның тұрақтылығына нұқсан келтіріп қана қоймай, халықтың мемлекетке деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан да «Жемқорлықсыз қоғам – адал ұрпақ» ұраны бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі.
Адалдық пен әділдік – елдің іргесін берік ұстайтын негізгі құндылықтар. Егер ұлттың болашағы саналатын жастар адалдықты жастайынан бойына сіңірсе, онда жемқорлықтың тамырына балта шабылады. Бұл үшін отбасынан бастап, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары мен еңбек ұжымдарында тәрбие мен талап қатар жүруі тиіс.
Жастар арасында адалдықты насихаттап, әділдікке баулу- әрбір азаматтың парызы. «Адал ұрпақ» ұғымы – тек ұран емес, ол –нақты әрекетке бастайтын бағыт. Қоғамда әділдік үстемдік құрса, заң бәріне бірдей болса, онда халықтың әл-ауқаты да, елдің болашағы да жарқын болмақ.
Қорыта айтқанда, жемқорлықты жеңу – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Ол үшін әр адам өзінен бастап, әділ, адал өмір сүруді мақсат етуі керек. Себебі, «Жемқорлықсыз қоғам – адал ұрпақ» қағидасы тек сөзде емес, істе көрінуі қажет.
Адалдық – мәңгілік құндылық.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ Кеген ауданы
