Құқықтық мемлекет құрудың басты шартының бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған қағидатты іске асыру бағытында Алатау қаласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру мақсатында түрлі ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Шаһар аумағында құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың және белсенді азаматтардың қатысуымен құқықтық түсіндіру кездесулері, дөңгелек үстелдер, қоғамдық қабылдаулар және профилактикалық акциялар ұйымдастырылуда. Әсіресе жастар арасында құқықтық тәрбиеге ерекше көңіл бөлініп, заң талаптарын сақтау мен жауапкершілікті арттыру мәселелері кеңінен насихатталуда.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі. Бұл тұрғыда қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алаяқтық, нашақорлық және тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда.
«Заң мен тәртіп» қағидаты – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарау арқылы ғана әділетті әрі қауіпсіз қоғам қалыптастыруға болады. Осы орайда Алатау қаласы заң үстемдігі мен қоғамдық келісім қағидаттарын берік ұстана отырып, құқықтық мәдениеті жоғары, қауіпсіз және тұрақты қоғам қалыптастыру жолындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береді.
Гүлназ КЕҢЕСБАЕВА,
Алатау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы
