Облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев бастаған халық қалаулылары Ұйғыр ауданына іссапармен келді. Аудан орталығында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысқан топ құрамында денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет пен спортты дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Болатжан Нұрбеков, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, сәулет және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Дәулет Жарасбаев, облыстық мәслихат депутаттары Сайдулла Сарсеков, Әлия Ақжолтаевалар болды.
Бүгінде Шонжы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. 2021 жылы нысанның бір блогы құлап, жұмыс тоқтатылған болатын. Содан бері сот процестері өтіп, кінәлі тарап өз жазасын алған соң, 2025 жылы құрылыс қайта жанданды. Мемлекеттен бөлінген 1 млрд 625 млн теңгеге «АГС-Пласт» ЖШС мердігер ретінде іске кірісті. Құрылыс алаңын аралаған халық қалаулылары мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар ескерту жасап, жұмыс сапасы мен мерзімінің қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Ұйғыр ауданындағы орталық ауруханада бүгінгі күні сейсмикалық күшейту арқылы күрделі жөндеу және құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 5,960 млрд теңгеге есептелген құрылысқа өткен жылы конкурс ұйымдастырылып, нәтижесінде «AS Karasay» ЖШС-мен 5 548 049 190,01 теңгеге келісімшарт жасалған. Жоба екі технологиялық кезеңге бөлінген. Біріншісіне ересектерге арналған емханасы бар «А» блогы кіреді, «Б» блогында балалар кеңесі бар, «Е» ас блогын алады, ал «Ж» және «З» блогында кір жуатын орын, мәйітхана, инфекциялық бөлім бар. Осы кезектегі жұмыстардың құны 2 млрд теңгеден асады.
Екінші кезең балалар бөлімшесі орналасқан «В» блогын, хирургиялық және босану блоктары бар «Г» блогын, сондай-ақ медициналық қалдықтарды жинауға және сақтауға арналған кабинетті, жабық автопаркті, қазандықты, сыртқы инженерлік желілерді және аумақты абаттандыруды қамтиды. Құны 3 млрд теңгені құрайды. «AS Karasay» ЖШС-мен жасалған келісімшарттың ресми қолданылу мерзімі 2025 жылғы 1 қыркүйектен 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Мердігерге 2025 және 2026 жылдар ішінде 631 млн теңгеден астам сомада аванс төленгеніне қарамастан, жұмыс қарқыны дабыл қағарлықтай. Қазіргі уақытта бөлшектеу жұмыстары 90%-ға орындалды, алайда үлкен құрылыс объектісіне тек 10-12 жұмысшы тартылған. Биыл облыстық мәслихат объектіге 1,26 млрд теңге бөлген. Бірақ арнайы келген комиссия мердігердің қазіргі жұмыс сапасына қарап, бұл қаражатты игере алмау қаупі барын ескетті.
Қуат Байғожаев бастаған халық қалаулылары денсаулық сақтау объектісіндегі жұмыс қарқынын қатаң сынға алды. Ол мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмыс істеуі қажеттігін атап өтіп, әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды тапсыру кестесінің бұзылуына жол бермеу үшін бейінді ведомстволарға мердігерлермен бірлесіп қаржыландыру мәселелерін жедел шешуді және нысандағы жұмыс бригадаларын күшейтуді тапсырды. Нысан әрдайым бақылауда екенін ескертті. Аудандық аурухананың бас дәрігері Әлия Ақжолтайқызы өзекті мәселелерді жіпке тізіп, жұмыстың уақытылы аяқталуына әлі де қаражаттың жеткіліксіздігін айтып, облыстық мәслихат депутаттарынан осыған қолдау білдіруін сұрады.
Қос құрылыс нысанынан кейін облыстық мәслихат депутаттары аудан әкімі Бота Елеусізоваға, әкімнің орынбасары Алимжан Хусуровқа осы мәселелерге бейжай қарамай, қажет болған жағдайда дабыл қағып, қандай да бір келеңсіздіктің алдын алу үшін бірлесе әрі дамылсыз жұмыс істеуге шақырды.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы
