Облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев бастаған бір топ депутат Кеген ауданына жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы бар бірқатар құрылыс нысанын аралады. Аталған жұмыс сапарында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жасұлан Оңалбаев, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғман халық қалаулыларымен бірге жүрді.
Іссапардың мақсаты – құрылыс нысандарында атқырылып жатқан жұмыс барысымен танысып, олардың сапасы мен орындалу мерзіміне мән беру, өзекті мәселелер туындаған жағдайда оны анықтап, шешу жолдарын қарастыру.
Осы ретте депутаттар Жалағаш ауылындағы спорт кешенінің және Шырғанақ, Кеген ауылдарында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмысын көзбен көріп, жоба-сметалық құжаттармен танысты. Мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, іс барысын сұрады. Сондай-ақ халық қалаулылары құрылыс жұмыстарының 40 пайызы аяқталған Қарқара орта мектебіне барды. Мұндағы құрылыс кестеден едәуір кешіктірілуде. Ғимараттың терезелері дұрыс орнатылмаған, инженерлік желілерге қатысты да кемшіліктерге жол берілген. Жұмыс күші жетіспейді.
– Нысанда жұмыс өте баяу жүріп жатыр, ал сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді, – деген облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев мұндағы жұмысты барынша жеделдетіп, жұмыс күшін арттыру қажеттігін алға тартты.
Депутаттар «Қарқара», «Мөңкебай» каналдарының құрылыс жұмыстарының кешігіп жатқанына да куә болды. Жобаның жалпы құны – 16,848 млрд теңгені құрайды. Жобаны ұтып алған компания өз міндетін талапқа сай орындамай отыр. Жергілікті шаруалар да өз уәждерін халық қалаулыларына жеткізіп, су тапшылығы туындап жатқанын айтты.
Сапар соңында делегация Тасашы ауылдық округіндегі наурыз айында қарғын су шайып кеткен көпір құрылысының барысымен танысты. Мұндағы жұмыс аяқталуға жақын, аз күнде қолданысқа берілмек.
Аталған нысандарды аралау барысында облыстық мәслихат депутаттары анықталған кемшіліктерді түзету бойынша мердігерлермен әңгімелесіп, құрылыс сапасымен қатар ғимараттың заманауи талаптарға сай болуына да айрықша мән берді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
